Сайлау комиссияларында істейтін мамандардың жалақысы қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл республика бойынша сайлау комиссияларының құрамына 500-ге жуық адам жаңадан жұмысқа қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының бөлім бастығы Дәурен Ысқақовтың айтуынша, бүгінде елімізде 232 аумақтық сайлау комиссиясы бар. Бұдан бөлек, 9 970 учаскелік сайлау комиссиялары құрылған.

«Биылдан бастап әрбір аумақтық комиссияда тағы екі адам тұрақты түрде жұмыс атқарады. Олардың саны республика бойынша 464 адамды құрайды. Демек, барлығы ресми түрде жұмысқа қабылданды. Бұрын олар қоғамдық негізде қызмет атқаратын. Енді ресми түрде жұмыс істеп, жалақы алады. Облыстық деңгейде жалақының көлемі 250 мың теңге көлемінде белгіленсе, аудандық деңгейде 175 мың теңге төленеді. Бізге жаңа адамдар келді. Олардың ішінде жастар да аз емес. 30 жасқа дейінгі азаматтардың 13,6 проценті біздің комиссияларға келіп жатыр», - деді Д.Ысқақов журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, сайлау комиссиясында істейтін адамдарға жасына қарай шектеу жоқ. Бүгінде 78 жастағы бір маман Қызылорда облысында жұмыс істесе, ең жас - 21 жастағы қызметкер Алматы қаласының Медеу ауданында еңбек етеді. «Олар аймақтарда сайлау процесімен айналысады. Талдау жасайды, түгендеу жұмысын жүргізеді, учаскелерді сайлауға дайындайды, әдістемелік жабдықтау бар және тағысын тағылар», - деп атап көрсетті сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің бастығы.

Айта кетейік, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы өткен жылғы ауыл әкімдерін сайлау қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, былтыр елімізде 600-ге жуық әкім ауысқан. Биыл сайлау комиссияларының бес жылдық өкілеттік мерзімі аяқталып отыр. Осыған байланысты жергілікті жерде комиссиялардың құрамы өзгерді.

null

Соңғы жаңалықтар