Сайлау қорытындысы - Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі - С. Мұқашев
АНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сайлау қорытындысы - Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі.
Бұл пікірді бүгін елордада кезектен тыс Президенттік сайлаудың қорытындысына орай мәлімдеме жасаған ҚР Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев мәлім етті.
Сайлаудың қорытындысына мақтанатындықтарын, қуанатындықтарын жеткізген С.Мұқашев оған дәлел ретінде шет елдерден Елбасының, Кәсіподақ ұйымдарының атына түсіп жатқан жақсы тілектерді алға тартады. Оның атап өтуінше, 2 миллион 102 мың мүшесі Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы мүшелерінің барлығы да сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасаған.
«Сайлау қорытындысы Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесі. Еліміздің сүттей ұйыған бірлігінің арқасы. Біз бүгін ұлтымыздың абыройына айналған Президентімізбен мақтанамыз. Ел бірлігінің осылай қалыптасқандығына мақтанамыз», - деді федерация төрағасы.
Осыдан кейін ол кәсіподақ федерациясының алдында тұрған мақсаттарға тоқталды. Бұл орайда С.Мұқышев еңбекпен қамту мәселесіне жете көңіл аударатындықтарын атап өтті. «Бізде 2,5-3 миллиондай өзін өзі еңбекпен қамтып жүрген халық бар. Бірақ Елбасының ағымдағы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілгендей, 1,5 миллион адам жуық маңда мамандық алуға тиіс. Олардың көпшілігі біздің ауылдағы ағайындар, жастар», деп атап өткен ол өздерінің осыған орай бағдарлама әзірлеп, нақты шаралар белгілеп отырғандықтарын баса айтты.