Сайлау күні: Қазақстан жергілікті билікті қалай таңдады
АСТАНА. KAZINFORM — 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Дауыс беру ұйымдасқан әрі тыныш жағдайда өтті. Сағат 16:00-ге қарай сайлаушылардың жартысынан астамы өз таңдауын жасады. Бұл күн қалай есте қалды? Баяндаймыз.
Сайлаудың ауқымы
Қазақстандықтар 228 мәслихаттағы 3447 депутатты таңдады. Оның ішінде 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихат бар. Жаңа депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды. Олардың 3113-і бірмандаттық округтерден, ал 334-і партиялық тізім бойынша сайланады.
Сайлаудағы бәсекелестік жоғары болды. Депутаттық мандатқа 10 971 кандидат тіркелді. Яғни бір орынға орта есеппен үш үміткерден келді. Партиялық тізім бойынша 20 өңірде 99 тізімнен 1219 кандидат ұсынылды. Олардың 43,2 пайызы — әйелдер. Ал бірмандаттық округтер бойынша 9752 кандидат тіркелді.
Сайлаушылар тізіміне 12 679 459 адам енгізілді. Олар үшін ел бойынша 10,3 мыңнан астам учаске ашылды. Оның ішінде ауруханалар мен әскери бөлімдердегі уақытша орындарда 556 учаске жұмыс істеді. Учаскелердің басым бөлігі сағат 7:00–ден 20:00–ге дейін жұмыс істеді. Ал 101 учаске таңғы сағат 6:00–де ашылды.
Сайлаушылар белсенділігі сағат сайын артты
Сайлаушылар дауыс беруді кейінге қалдырмады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00–де азаматтардың 12,31 пайызы, сағат 14:00–де 45,46 пайызы дауыс берді. Ал сағат 16:00–дегі көрсеткіш 53,86 пайызға жетті.
Осы уақытқа дейін ең жоғары белсенділік Түркістан облысында тіркелді. Мұнда сайлаушылардың 69,84 пайызы дауыс берді. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 68,03 пайызды, Қызылорда облысында 67,36 пайызды құрады. Ақтөбе облысында 66,19 пайыз, Абай облысында 63,02 пайыз болды. Шымкентте сайлаушылардың 40,23 пайызы, Астанада 39,91 пайызы, Алматыда 33,73 пайызы дауыс берді.
Елдің алғашқы тұлғалары да дауыс берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы № 520 сайлау учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, өңірлер мен Алматы қаласының әкімдері өз таңдауларын жасады.
18 жастағы жастардан 105 жастағы ардагерге дейін
Сайлау түрлі буын өкілдерін біріктірді. Астанада жуырда 18 жасқа толған жастар алғаш рет дауыс берді. Ал Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы № 155 учаскеге 105 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров келді.
Аға буын өкілдері де азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Абай облысының Ойшілік ауылында тыл еңбеккері Қанипа апа дауыс берді. Ауылдастары оның әрекетін жастарға үлгі деп атап, ардагерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Маңғыстау облысында сайлау учаскесіне теміржолшылар әулеті бірге келді. Мұндай отбасылар үшін сайлауға қатысу — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бір мамандыққа адалдық сияқты игі дәстүр.
Әскери қызметшілер де дауыс берді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сайлауға 120 мыңнан астам әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері қатысты. Олардың басым бөлігі тұрғылықты жері бойынша дауыс берді. Ал мерзімді әскери қызметшілер, курсанттар мен іссапарда жүрген әскери қызметкерлер үшін гарнизондарда 24 жабық учаске ашылды. Ұлттық ұланда алғашқылардың бірі болып қолбасшы, генерал-лейтенант Ансаған Балтабеков дауыс берді. Ол таңғы сағат 6:00–де Астанадағы әскери бөлімнің № 266 учаскесіне келді. Жалпы, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері аумағында 36 учаске жұмыс істеді. Мерзімді әскери қызметтегі көптеген сарбаз үшін бұл алғашқы сайлау болды. Алматыда Азия ойындарының жүлдегері Белла Самашева да өз таңдауын жасады.
Көптеген жерде сайлау күні мерекелік көңіл күйде өтті. Мәселен, Алматының Медеу ауданында алғашқы болып келген сайлаушыларды тәтті сыйлықтармен қарсы алды. Жалпы, оңтүстік астанада 670 сайлау учаскесі жұмыс істеді.
Күннің кейіпкерлері
Жетісу облысында Ескелді ауданының Шымыр ауылынан шыққан 18 жастағы егіз ағайынды Семен мен Даниил Потапенко алғаш рет дауыс берді. Екеуі де Талдықорғандағы заң колледжінде білім алып жатыр.
Алматы облысы Шамалған ауылынан келген ақсақал Ерғали Тұрлығожаев № 465 учаскеге ол ашылмай тұрып-ақ келді. Жамбыл ауылында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары өз таңдауын жасады.
Белгілі спортшылар да белсенділік танытты. Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов Алматыдағы учаскеге отбасымен бірге келді. Түркістан облысында самбо және дзюдодан әлем чемпионы Мәди Нәбиев, ал Ақтөбеде мүгедектер арбасындағы теннистен Қазақстанның екі дүркін чемпионы Ердәулет Қадымбергенов дауыс берді. Алматыда ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков те өз таңдауын жасады.
Ақтауда Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжінің студенті Диас Исенаманов өзі құрастырған роботпен бірге № 79 сайлау учаскесіне келді. «Сайлауға қатысуды азаматтық борышымыз деп санаймын», — деді жас өнертапқыш.
Қостанайда № 8 мектептегі № 17 сайлау учаскесіне 87 жастағы Аухат Зайнуллин келді. Учаскелік комиссия төрағасының айтуынша, сағат 19:00–дегі жағдай бойынша мұнда сайлаушылардың келу көрсеткіші 57 пайызды құраған. Сонымен қатар сайлаушылар үшін жаңа дауыс беру кабиналары орнатылған.
Әрбір азаматқа дауыс беру қолайлы болуы үшін
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлінді. Сайлау учаскелері пандустармен, тұтқалармен және тактильді көрсеткіштермен жабдықталды. Дауыс беру кабиналары мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға бейімделді. Көру қабілеті нашар және зағип жандар үшін үлкейткіш әйнектер, қосымша жарықтандыру және Брайль қарпімен жазылған ақпарат дайындалды.
Сайлау учаскелеріне жетуге 1300-ден астам көлігі бар «Инватакси» қызметі көмектесті. Есту қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаудармашылар қолдау көрсетті. Ал Астанада сайлаушыларға 800 волонтер көмектесті. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған азаматтар үйден дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін комиссия мүшелері тасымалды дауыс беру жәшігімен олардың үйлеріне барды.
Сайлаушыларға цифрлық сервистер де көмектесті. Өз сайлау учаскесін eGov және Kaspi қосымшалары арқылы табуға болатын еді. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының сайтында Sailau AI жасанды интеллект көмекшісі жұмыс істеді.
Бақылаушылардың қадағалауымен
Сайлау барысын 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымның бақылаушылары қадағалады. Олардың 13-і Орталық сайлау комиссиясында, тағы 245-і аумақтық комиссияларда аккредиттеуден өтті. Орталық сайлау комиссиясы бұған дейін бақылаушылардың дауыс беру барысын еш кедергісіз бақылауына мүмкіндік беруді талап еткен болатын.
Екі бюллетень
Сайлау аралас жүйе бойынша өтті. Сондықтан, мысалы, Астанада сайлаушыларға көк және жасыл түсті екі бюллетень берілді. Оның бірі бойынша сайлаушылар өз округіндегі кандидатқа, екіншісі бойынша партиялық тізімге дауыс берді.
Әрі қарай не болады?
Сағат 20:00–де сайлау учаскелері жабылып, комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Орталық сайлау комиссиясының күнтізбесіне сәйкес, аумақтық комиссиялар сайлау қорытындысын 3 желтоқсаннан кешіктірмей шығаруы тиіс. Ал оның нәтижелері 5 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы керек.
Жаңадан сайланған мәслихат депутаттары тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелерді шешумен айналысады. Олардың қатарында аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, өз қалалары мен аудандарындағы мектептер мен емханалардың жұмысын жақсарту сияқты маңызды міндеттер бар.