Сайлау күнінде болжам нәтижелерін жариялауға тыйым салынады - ОСК
АСТАНА. KAZINFORM – 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау күнінде болжам нәтижелерін жариялауға шектеу қойылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлім етті.
- 22 тамыз тыныштық күні екенін еске салғым келеді. Осы күні және дауыс беру күні кез келген сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұл ретте бұрын орналастырылған үгіт материалдары өз орындарында қалдырылуы мүмкін. Атап айтқанда, сайлау комиссияларының үй-жайлары мен дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрын орналастырылған баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін, - деді ол.
Оның айтуынша, осыған ұқсас тәртіп интернет желісінде орналастырылған материалдарға да қолданылады. Бұған дейін интернет желісінде орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарына сақталуы мүмкін. Бірақ оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді.
- Сауалдар мен болжамдардың нәтижелерін жариялауға байланысты шектеулерге де ерекше назар аудару қажет. Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердің кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерінің бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда дауыс беру күніне дейінгі 5 күн ішінде және дауыс беру күні жариялануына жол берілмейді. Дауыс беру күні тікелей сауал салуға да шектеулер белгіленген. Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пункте қоғамдық пікірге сауал салуға тыйым салынады. Сонымен қатар, дауыс беруге арналған үй-жайдан немесе пунктен тыс жерлерде Орталық сайлау комиссиясын хабардар еткен ұйымдар экзитпол сауалдарын жүргізе алады, - деді Ләззат Сүйіндік.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлау барысын 777 халықаралық байқаушы қадағалайды. Оның ішінде 160 байқаушы 42 шет мемлекеттен, ал 617 байқаушы 13 халықаралық ұйымнан тіркелген.