Сайлау Мемлекет басшысының Мәңгілік Ел секілді мегажобасын жүзеге асыруға септігін тигізеді - Н. Оразалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада журналистермен кездесу барысында Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин Мемлекет басшысы Н. Назарбаевты қайта сайлануымен құттықтады.

Сайлау Мемлекет басшысының Мәңгілік Ел секілді мегажобасын жүзеге асыруға  септігін тигізеді - Н. Оразалин

«Кеше Қазақстан халқы үлкен тарихи таңдауын жасады. Елбасы Н. Назарбаевқа мемлекет тізгіні қайта тапсырылды. Ал сайлау өте сәтті әрі жоғары деңгейде, шынайы демократиялық құндылықтарға тән тұрпатта өтті. Сондықтан да, біз осындай саулауда айқын басымдықпен жеңіске жеткен, қайта Президент болып сайланған Н. Назарбаевты құттықтағымыз келеді. Бұл құттықтау қолына қалам ұстаған қалың қаламгерлердің, жазушы қауымның, рухани әлемдегі елдің тұтастығын көксейтін қаламгерлердің құттықтауы деп қабылдасаңыздар да болады», - деді брифингте Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин.

Бұдан бөлек, сенатор Елбасының жеңісін қалың жұртшылықтың жеңісіне балайтынын айтты. Өйткені, Президент өз тағдырын ұлт мұраты жолына арнап, ширек ғасыр ішіндегі қол жеткен жетістіктің бәрін халқымен тең бөлісіп келе жатқан ұлы тұлға.

«Алдымызда еліміздің экономикалық, рухани, саяси реформалардың күрделі жұмыстары күтіп тұр. Соның бәрін атқаратын тұлға, көшбасшы - Н. Назарбаев. Бұл - шындық! Соның ішінде Мәңгілік Ел, «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» секілді мегажобалардың авторы - Елбасының өзі. Ендеше, сол жобаны жүзеге асыруда халықтың сенімі қажет. Бұл сайлау сол жобаларды жүзеге асыруға өз септігін тигізеді», - деді Н. Оразалин.