Сайлау нәтижесі - менің ел басшылығында жүріп өткен жолдарыма берілген зор баға - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кешегі сайлау нәтижесі менің ел басшылығында жүріп өткен жолдарыма берілген зор баға болды. Бүгін Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен брифинг барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Сайлау нәтижесі - менің ел басшылығында жүріп өткен жолдарыма берілген зор баға - Елбасы

Журналистер сауалына жауап бере отырып, Елбасы кешегі сайлауға басқаларға қарағанда көбірек алаңдаған адамның бірі екенін, телевидениеден, барлық өңірлерден түсіп жатқан ақпараттарды мезгіл сайын бақылап тұрғанын айтты.

«Білесіздер ме, ең бірінші рет сайланғанда толқу бір басқа, ал 20 жыл осы лауазымда қызмет етіп келіп, сайлауға қатысу бұл мүлдем басқа. Шындығында, халықта да сенің өзіңде де шаршағандық болуы мүмкін. Марқұм Ли Куан Ю-дан «бәрі жақсы келе жатыр еді ғой, неге кеттіңіз?» деп сұрағанымда ол, өзін телеарналардан көргісі келмегенін айтқан. Әрине, бұндай сәттер бізде де болып тұрады. Осы лауазымда ұзақ жылдар отырғаныма қарамастан, кеше елдер кезекке тұрып, дауыс беруге қатысты. Министрлердің өзі бір сағат кезекте тұрды. Адамдардың бала-шағасымен, қарт кісілердің немерелерін ертіп, сайлауға белсенді қатысуы, міне мені толқытқан сәт осы. Бұл жүректі тебірентпей қоймайтын ең нәзік дүние», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент Қазақстан мемлекетінің басшылығында жүріп өткен жолдарға назар аудара отырып, кешегі сайлау осыған берілген баға болғанын айтты.