Сайлау нәтижесі референдумның бекерден туындамағанын айғақтайды
АНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміз үшін ағымдағы жылдың ең маңызды саяси оқиғасы 3 сәуірде өз мәресіне жетті. Күні кеше өткен саяси дода - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында халық өз таңдауын жасады.
Сөйтіп Барыс жылы басталысымен шығыс өңірінен бастау алып, қоғамдағы қызу пікірталасқа арқау болған «референдум мәселесіне» соңғы нүкте сайлау арқылы қойылды. Бұл сайлау Елбасы өкілеттігін референдум арқылы ұзарту жөніндегі бастаманың бекерден туындамағанын айғақтап берді.
Кеше, 5 сәуір күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлаудың ресми қорытындысын шығарып, 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткенін жариялады. Ресми мәліметтер бойынша сайлауға 8 миллион 279 мың 676 сайлаушы қатысқан. Бұл дауыс беруге құқы бар азаматтардың 89, 99 пайызы. Таңдау жасаған сайлаушылардың 7 млн. 850 мың 958-і Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап, дауыс берген. Ал Президент лауазымына таласқан Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековті сайлаушылардың 1,36 пайызы немесе 111 мың 924 адам, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовті - 1,15 пайызы немесе 94 мың 452 адам, ал Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы, Сенат депутаты Ғани Қасымовты- 1,94 пайызы немесе 159 мың 036 адам жақтаған.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде сайлаушылардың тізіміне 9 миллион 200 мың 298 адам енгізілген. Сайлаушылар республикадағы 9 мың 725 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Сонымен қатар тысқары жерлердегі еліміздің азаматтары Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан құрылған сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 1059 шетелдік және халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен Сыртқы істер министрлігінде тіркелген 200-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылады.
Сөйтіп, Президенттің өз сөзімен айтқанда «Қазақстан халқы тағы бір тарихи белесті аттап отыр». Әуелден-ақ сәуегей саясаткерлер Іс-басындағы Президенттің тұғыры биік екендігін айтып, тіпті электорат дауысының бөлінер мөлшерлерін де кесіп-пішіп еді. Түпкі нәтиже сол болжағыштар айтқан төңіректен алыстаған жоқ. Сондықтан да «дүйім жұрт алдында Қазақстан халқы бірлігін сақтай алатын ел екендігін көрсетті, өз болашақтарын бетбұрған ел белсенділік танытты» деген пікірлер «сырт көз сыншы» аталатын тараптан шыққан-ды. Бұндай пікірлерге сәл кейінірек ораламыз, әзірше сайлаудың қалай өткеніне тоқталсақ
Ың-шыңсыз сайлау!
3 сәуірде таңсәріден дауыс беру учаскелерінің есігі айқара ашылып, әркім өз жұмысына кіріскенде шетелдік байқаушылар да сырттан бақылайтын миссиясына мінген еді. Сайлау күні мейрам күні секілді белсенділіктің болғанын ең алғаш мойындағандар да сол шеттен бақылағандар болды. Баспасөз мәслихаттарында науқанның ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығына, кемшіліктің төмендігіне де назар аудартты шетелдік байқаушылар. Олардың біразы сол күні сағат 11-ден бастап БАҚ өкілдерімен кездесіп, сайлау барысы туралы алғашқы пікірлерімен бөліссе, негізгі бөлігі өздерінде бекітілген ережеге сәйкес, ертесінде, яғни 4 сәуір күні бақылау қорытындыларын жарыса жариялады. Шетелдік байқаушылардың басым бөлігі сайлаудың әділ, ашық әрі халықаратық талаптар мен ұлттық заңнамаға сай өткендігін мәлімдеді. Ал сағат сайын сайлаушылар санын қайта-қайта жаңғыртып, жаңа мәліметтер ұсынған Орталық сайлау комиссиясы күні бойғы шараны қорытындылап, алдын ала мәліметтерін түнге қарата жариялағанда белсенділіктің жоғары көрсеткішке ие болғанын ұқтырған болатын.
Сайлау күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №182-ші сайлау учаскесіне жұбайы, еліміздің бірінші ханымы Сара Назарбаевамен бірге келіп, дауыс берді. Бұнда да азаматтар ұзын-сонар кезекте тұрып, дауыс беріп жатты. Тіпті, ТМД миссиясымен келген көршілес елдердің халықаралық байқаушылары әлгіндей кезекке тұрып дауыс беруді Кеңес одағы кезіндегі уақыттан бері көрмегендерін айтып, «қазақтарға ризашылықпен қарайтынын» жеткізген-ді. Тоқтала кететін жайт, сол күні дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған брифингте Н.Назарбаев Қазақстанның тағы бір тарихи сәтті басынан өткеріп отырғандығын атап көрсетті. «Біз өз болашағымызды таңдау үстіндеміз. Бүкіл әлемнің назары Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға ауып отыр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған Қазақстандағы осы сайлаудың тарихи мәні өте жоғары. Біз бұған дейін де көп жұмыс атқардық. Алайда алдымызда одан да маңызды шаралар күтіп тұр. Ендігі күні қоғам мен мемлекетімізді жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылмақ», - деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлаудың ерекшелігіне тоқтала отырып, кандидаттарға теңдей мүмкіндік жасалғанын, олардың БАҚ-та өз ұстанымдарын халыққа жеткізу үшін барынша жағдайлар қамтылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанның қоғамға ашық екендігін, бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы 1059 байқаушыны, 200-ден астам шетелдік журналистерді тіркегенін айтты. «Мінеки, осындай ашық әрі заңды атмосферада елімізде ашық сайлау өтіп жатыр. Бүгін барлық қазақстандықтар дауыс беруге отбасыларымен, ұжымдарымен, топ-тобымен келуде. Мен осындай белсенділік үшін ризамын. Барлығымыз бірге біздің қоғамның тұрақтылығы үшін, көпұлтты еліміздің достығы үшін, болашағымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін, әлеуметтік жаңғыру үшін, біздің азаматтарымыздың жақсарып келе жатқан әл-ауқаты үшін, біздің ортақ үйіміз - Қазақстан Республикасы үшін дауыс береміз», - деп түйіндеген болатын өз сөзін Президент.
Ал сәуірдің 3-інен 4-іне ауған түні «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратындағы сайлауалды штабына келген Мемлекет басшысы дәл сол жерде өзінің мыңдаған жақтастарымен бірге «Хабар» телеарнасының жаңалықтары арқылы ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлауға қатысушылар белсенділігі туралы алдын ала мәліметтермен, сондай ақ Exit-poll-дың соңғы мәліметтерімен танысты. Сайлаушыларды учаске алдынан торуылдап, кімге дауыс бергендігі туралы мәліметтерді жинайтын, сөйтіп, жедел ақпаратты қамтитын Exit-poll мәліметтері бұл жолы да ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айқын жеңіске жеткендігін көрсеткен еді. Мәселен, ҚР Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша, 3 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 94,82 пайызы дауыстарын берген. Қалған кандидаттар бойынша нәтижелер мынадай болған: Ғани Қасымовты сайлаушылардың 2,17 пайызы, Жамбыл Ахметбековті 1,57 пайызы, Мэлс Елеусізовті 1,44 пайызы жақтаған.
Ал «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының сауалнамасы бойынша респонденттердің 95,1 пайызы дауыстарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа беріпті. Сарапшылардың болжауынша, мұндай сауалнама барысындағы қателесу деңгейі шашамен +-0,44 пайызды құрайтынын да еске сала кеткен жөн.
Сонымен, алдын ала мәліметтерді өзінің сайлауалды штабында, мыңдаған жақтастарымен, өңірлердегі штаб мүшелерімен телекөпір арқылы естіп, танысқан Елбасы Н.Назарбаев ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Телекөпір арқылы байланысқа шыққан өңірлік штабтар Елбасы Н.Назарбаевты кезекті жеңісімен құттықтап жатты. Сосын Президент сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынған партиялық әріптестеріне, барлық өңірдегі штаб мүшелеріне, «Қазақстан - 2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына, аймақтардағы 29 мың сенімді өкілі мен 80 мыңнан астам ерікті жақтастарына, сондай-ақ сайлауға қатысып дауыс берген барша қазақстандықтарға алғысын айтты. «Қадірлі отандастар! Мінекей, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір өте үлкен тарихи белес - Президент сайлауы өз мәресіне жетті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, қазақстандықтар, біздің азаматтарымыз менің жүргізіп отырған саясатымды, әр күні аптаға, әр аптасы жылға баланатын өткен 20 жыл бойы істеген шараларымызды мақұлдап, сайлауға қатысу арқылы болашаққа жоспарлаған барлық бағдарламамызға сенім білдіріп отыр. Ел басқаратын адамға, мемлекеттің Президентіне мұндай халықтың кең қолдауынан, теңдессіз сенімділік білдіруінен артық қандай марапат керек?! Сондықтан да маған сенімін артқан халқымнан айналайын!» - деді үлкен ризашылықпен Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Н.Назарбаев алдын ала мәліметтерге сүйене отырып, қазақстандықтардың басым бөлігі кезекті рет реформаны жақтағанын, қалың көпшіліктің қоғамды жаңғырту жолын таңдағанын, азаматтарымыз өздерінің ахуалын одан сайын жақсарту бағытын қолдағанын атап өтті. «Сайлауда дәл сайлау күні емес, одан бұрын жасаған істерің жеңіске жетелейді. Ендеше, біздің өткен 20 жылда жүзеге асырған ауқымды жұмыстарымыз бекер болмапты. Бұл жолғы сайлау өзіміз сол кездері таңдаған бағыттағы атқарылған ісіміздің берілген бағасы, сынағы болды», - деген Елбасы өзінің сенімді өкілдеріне, әсіресе өзін жақтауда белсенділік танытқан жастарға тағы бір мәрте ризашылығын білдірді. Президенттiкке үміткер болған басқа да кандидаттарға алғысын айтып, олардың көтерген ұсыныстарына назар аудару қажеттігін еске салды. «Біздің барлық жетістіктеріміз - бірліктің нәтижесі. Көпұлтты Қазақстанның татулығының жемісі. Біздің мемлекеттік саясаттың ең басты бағыты - қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту. Менің Қазақстан халқына Жолдауым мен еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттер мен соған байланысты қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруға қарқынмен кірісуіміз керек. Мен сіздерді, қымбатты тұрғыластарым, сайлауалды науқаны кезінде қалай тиімді, сауатты әрі бекем қимылдасаңыздар, осы жұмыста да солай әрекет етуге шақырамын», - деді сайлауалды штабында өз жақтастарына арнап сөйлеген сөзін қорытындылаған Елбасы Н.Назарбаев.
Сайлау - елді біріктірді, біртұтастықты танытты
Exit-poll-дың мәліметтері мен Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындылары жарияланып, жұрт белсенділігі танылғаннан-ақ Елбасының жеңісі белгілі болған-ды. Сондықтан болар, сайлаудың ертесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы "Қазақстан" спорт сарайында «Елбасымен бірге, алға!» атты жеңімпаздар форум ұйымдастырылды. Республика өңірлерінен келген қоғам, мәдениет қайраткерлері, еліміздің белгілі тұлғалары, саясаткерлер, Президенттің сенімді өкілдері, сондай-ақ сайлауалды штабтарының мүшелері мен еріктілері және Елбасын қолдаушы жастар қатысқан дүбірлі жиынды да Президент Н. Назарбаев сөз сөйлеп ашқан еді. «Қазақстан халқы өзінің болашағына негізделген ел ішіндегі бірлікті сақтайтынын, өркениетті мемлекет екенін дүниежүзіне тағы да бір дәлелдеп көрсетті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында үлкен сайлау өткізіп, төрткіл дүниенің назарын Қазақстанға аудардық. Ашық әрі нағыз әділ болған сайлаудың нәтижесінде, жаңа хабарлаған мәлімет бойынша, Қазақстан сайлаушыларының 90 пайыздан астамы мені қолдап дауыс берді. Бұл жеңіс - баршамыздың жеңісіміз, бұл жеңіс - Қазақстан халқының жеңісі», - деді Елбасы форум барысында сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар Президент Н.Назарбаев өзіне халықтың жүктеген мандатын алға межеленген еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға, қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға, ауыл шаруашылығын, білім саласы мен денсаулық сақтау саласын көтеруге және еліміздегі азаматтарға көмек көрсетуге пайдаланатынын жеткізді. Биылғы жылы айқындалған бағдарламаға тоқталған Елбасы жұмыссыздықпен күрес мәселесіне көңіл бөліп, жаңа индустриялық кәсіпорындардың жұмыс істеулері үшін жастарды оқыту мәселелеріне де маңыз беретінін жеткізді. Осы бағдарды еңсергенде азаматтарды мүлдем басқа сапа, мүлдем басқа жұмыс күтетінін, ендеше, алда басқа өмір болатынын атап өтті. Мемлекет жастардың ең үздік білім алуы үшін барлық жағдайды жасап жатқанын, алдыңғы толқынға ондай білім алу арман болғандығын да атап көрсетті. «Штабтардың әрбір ауылда, әрбір ауданда, әрбір қалада жұмыс істегенін білемін. Осы сайлауда жеңіске жетуіме көмектескендердің барлығына үлкен рақметімді айтамын. Бұл мені көп нәрсеге міндеттейді. Сайлаушылардың 90 пайыздайының сайлауға қатысуы және 90 пайыздан астамының мені қолдағандары батыс елдері үшін - сенсация. Әдетте Президент сайлауы халықты, елді әртүрлі партиялық блоктарға бөлетін болса, біз біріге алатынымызды көрсеттік. Әлемнің әр түкпірінде қантөгістер, ұлттар арасындағы жанжалдар болып жатыр. Біз, Қазақстанның барлық ұлттары мен ұлыстары, барлық діндері біртұтаспыз. Кейбір елдерде жұмыс орындары қысқартылып, зауыттар тоқтатылуда, ал біз зауыттарды тұрғызып, жаңа жұмыс орындарын құрудамыз. Кейбір елдерде зейнетақылар қысқартылып жатса, біз оны ұлғайтудамыз. Кейбір елдерде айлық жалақы қысқартылуда, біз оны ұлғайтудамыз. Біздің буынның пешенесіне Қазақстан елін өркениетті мемлекеттермен терезесін тең ету міндеті жүктелді. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде еліміздің экономикасы түзеліп, халықтың әл-ауқатын жақсарту белестерін өткердік. Алайда алда талай асулар бар. Сондай асуларды бағындыру жолында таңдауын жасаған барлық Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіріп, бас иіп, алғысымды айтамын», - деді Елбасы.
Президенттік мандат мемлекеттің алдында тұрған міндеттерін анықтау үшін беріледі - Елбасы
Ал түстен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының аяқталуына байланысты отандық және шетелдік баспасөз құралдарының өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында кіріспе сөз сөйлеген Президент сайлаудың ашық, әділ, демократиялық талаптарға сай өткенін, бұлар туралы шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар жоғары баға бергенін айтты. Сонымен бірге, Елбасы қазақстандық һәм шетелдік БАҚ өкілдеріне сайлау үдерісіне қызығушылық танытқандары үшін алғысын білдіріп, журналистер таарпынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Алғашқы сауалды қойған ұлыбританиялық FBC телекомпаниясының журналисі Эккард Сейгардың алдағы бес жылда ұстананын бағыты туралы сұрағына Елбасы былай жауап берді: «Президенттік мандат адамға мемлекеттің алдында тұрған міндеттерін анықтау үшін беріледі. Еліміздің дамуындағы экономикалық міндеттерге келсек, біз 2020 жылға дейін орындалатын индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруды қолға алдық. Өзімнің жыл сайынғы Жолдауымда мен биыл елді әлеуметтік жаңғырту мәселесін алға қойдым. Онда мен азаматтарымызды оқытып, мамандық алу арқылы жұмыспен қамтуды, сондай-ақ тұрғынүймен қамтамасыз ету проблемаларын шешу қажеттігін Үкіметке тапсырдым. Бұл бағыттар халықтың толық қолдауына ие болды».
Сонымен қатар Президент Н. Назарбаев саясат мәселесіне де оралып, Қазақстанның алдағы уақытта да ұстанған бағдарынан айнымайтынын айтты. Мәселен, Қазақстан сыртқы саясатта болашақта РФ, ҚХР сияқты елдермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратын болады. Сол секілді Еуроодақ пен АҚШ Қазақстанның үлкен әріптестері болып қала береді. Аймақтағы басқа елдермен де ықпалдастық үдерістер шеңберіндегі ынтымақтастық жалғасады. Сонан соң, Елбасы ішкі саясатқа да тоқтады. «Елді саяси жаңаландыру бағытын біз одан әрі жалғастырамыз. Заңның үстемдігін сот жүйесін тәуелсіздендіре түсу арқылы нығайтамыз. Біздің мемлекетіміз алып территориялы, унитарлы ел болса да біз билікті орталықсыздандыру бағытын одан әрі жүргізу бағытындамыз. Сонымен қатар келесі сайлаудан бастап біздің Парламентіміз Конституцияның талабына сәйкес көппартиялы болады. БАҚ бостандығы мен тәуелсіздігіне барлық басқа да дамыған елдердегі сияқты ешқандай шек қойылмайды, бұл істе біз өзіміздің батыстық әріптестеріміз бен достарымыздың ұсыныстарын үнемі ескеріп, олармен кеңесіп отыратын боламыз. Сайлау үдерісі кезінде қалыптасқан «Қазақстан-2020» демократиялық коалициясы» алаңында біз оппозициялық партиялар және қоғамдық қозғалыстармен елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан одан әрі дамытудың проблемаларын талқылау жөніндегі диалогтарды жалғастыруға дайынбыз», - деді Елбасы.
Сайлау өтісімен, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындылары жариялана бастаған кезден-ақ Президент Н. Назарбаевты шетелдік әріптестері құттықтай бастаған еді. Енді солардың біразына құлақ түрсек. Мәселен, құттықтаушылардың алғашқыларының бірі Ресей Президенті Дмитрий Медведев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, елдегі кезектен тыс сайлаудың сәтті өткізілуімен және келіп түсіп жатқан ақпаратқа сүйене отырып, ондағы айқын жеңісімен Н. Назарбаевты құттықтады. Ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао жолдаған жеделхатында: «Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне қайта сайлануыңызға байланысты Сізге игі тілегім мен шын жүректен құттықтауымды жолдаймын. Сіз Мемлекет басшысы болған сәттен бастап, Жоғары Мәртебелім, елде қоғамдық тұрақтылық сақталуда және экономика жоғары қарқынмен өсті, халықтың әл-ауқаты үздіксіз жақсарды, Қазақстанның халықаралық жағдайы едәуір нығая түсті. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқы жаңа, мемлекеттің дамуы мен көтерілуі ісінде айтарлықтай табыстарға жететініне сенемін» делінген. Бұдан бөлек, Қытай басшысы Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасына тоқтала келе, саяси салада өзара құрмет және жоғары деңгейде өзара сенім, ал экономикада өзара тиімді әрі бірлескен дамудың негізінде ынтымақтастық орныққанын айтады. Әртүрлі салаларда үздіксіз тәжірибе алмасулар кеңейгенін, көпжақты байланыстар аясында тығыз өзара іс-қимыл мен үйлестіру қолдау тауып отырғанын баяндайды. «Мен Сізбен бірлесе отырып, Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарындағы стратегиялық серіктестікті біздің елдеріміз бен халықтарымыздың иігілігі үшін тағы да едәуір жоғары деңгейге көтеруге шаршамастан күш-жігерімді салуға дайынмын», - делінген.
Ал Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидың Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың атына жолдаған құттықтау жеделхатында ең алдымен француз басшысы референдум жобасына қарсылық білдірген Конституциялық Кеңестің пікірін ескере отырып, Н. Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ның құндылықтарын ұстанатынын көрсеткеніне ризашылық білдіреді. «Мен Сіздің жаңа қызметте өз жұмысыңыздың басым бағытының бірі саяси реформаға жаңа қуатты серпіліс беру болып табылатынын білемін. Біздің мазасыз әлемде реформа біздің халықтарымыздың үміті мен көңілін қанағаттандыру үшін қажет екенін анық түсінеміз. Өз тарапымнан, мен Қазақстанның әлемдік аренада өсіп келе жатқан танымалдығын назарыма ала отырып, осы тақырыпқа және өзге де маңызды халықаралық тақырыптарға арналған диалогты жалғастыруға қуанышты болған болар едім. Сондай-ақ Сіздің еліңіз биылғы жылы Ислам Конференциясы Ұйымының Министрлер Кеңесіне төрағалық ететіні сөзіме мысал болса керек. Биылғы жылы Үлкен Жиырмалыққа төрағалық ете отырып, өз басым біз талқылауға тиісті маңызды мәселелер бойынша Қазақстанның үнін естігім келеді. Атап айтқанда, бұл қаржылық даму мәселесі және халықаралық валюта жүйесі, сондай-ақ шикізат нарығы. Франция сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестікті күшейту жөніндегі жаңа Келісімнің қорытындысын қолдауға дайын», - дейді құттықтауында Н. Саркози.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенті қызметіне қайта сайлануымен құттықтаған АҚШ Елшілігі Президентпен және Қазақстан халқымен одан әрі кең ауқымды стратегиялық әріптестікті жалғастыруға ниет білдіріпті. «Біз Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне қайта сайлануымен құттықтаймыз. Өзімен және Қазақстан халқымен біздің кең ауқымды стратегиялық әріптестігімізді жүзеге асыру бойынша жұмысымыздың жалғасуын тағатсыздана күтудеміз. Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) алдын ала нәтижелерін қолдаймыз және ол атап көрсеткен жақсару үдерістерін бағалаймыз. Біз Қазақстан Үкіметін ЕҚЫҰ-ның есебінде айтылған кемшіліктерді кешіктірмей түзеуге шақырамыз. Біз Қазақстанның саяси жағдайды одан әрі ырықтандыру бойынша міндеттемелерін қолдаймыз және сайлау үдерісін үздіксіз жетілдіріп отыру оның маңызды компоненті болып табылатындығына сенеміз», - делінген Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің хабарламасында.
Ал бүгінгі мәжілісінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп тіркеу туралы қаулы қабылдады. Қаулыда сонымен қатар жаңадан тіркелген Президентке тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыс ету қажеттігі де көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі 2011 жылдың 8 сәуіріне белгіленді.
Сөйтіп, сәуірде еліміз бен елдігіміз үшін жасалған сыннан Қазақстан халқы сүрінбей өткен тәрізді. Сайлаушының 95,55 пайызы Н. Назарбаевқа сенім білдіріп, болашағының баяндылығын Елбасы қолға алған бағдарламалармен біріктіргісі келетінін танытты. Президенттікке кандидат болған төртеудің ішінен халық тыңнан түрен салуға тырысқандарды емес, мемлекет басқарудағы тәжірибесі мол, Тәуелсіздіктің таңы атысымен Қазақстанды өркениет көшіне бастап келе жатқан Н. Назарбаевты таңдады. Ендеше тұрмысымыз одан сайын түзеліп, саясаттағы алған бағдарымызды бағындыруға жазсын!