Сайлау науқаны басталғаннан бері заңнаманы бұзудың 21 фактісі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына орай үгіт басталған сәттен заңнаманы бұзудың 21 фактісі анықталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов айтты.
- Министрлік ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізеді. Мониторинг қорытындысы бойынша үгіт-насихат науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партиялардың сайлау штабтарының қызметіне қатысты 7 мыңнан астам материал жарық көрді. Оның ішінде телеарналарда 3 мыңға жуық, баспа басылымдарда 500-ден астам және интернет кеңістігінде, яғни интернет-ресурстарда 4,5 мыңға жуық материал жарық көрді, - деді бірінші вице-министр.
Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарына орналастырылатын материалдардың екі түрі заңмен айқындалған. Біріншісі — сайлау штабтарының сайлау қорларының қаражаты есебінен ақылы негізде орналастыратын үгіт-насихат материалдары. Екіншісі — бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтар мен талдамалық бағдарламалар аясында телеарналарда, баспа басылымдарында және интернет-ресурстарда жариялайтын штабтардың қызметі туралы ақпараттық материалдар.
- Жалпы, мониторинг нәтижесі бойынша БАҚ-та ақпаратты тең дәрежеде жариялау қағидаты сақталды, сақталып та жатыр деп айтуға толық негіз бар. Үгіт науқаны басталғаннан бері министрлік сайлау заңнамасын бұзудың 21 фактісін анықтады. Басым бөлігі өкінішке орай, қоғамдық пікір сауалнамасы нәтижелерін жариялауға тыйым салынған кезде осындай сауалнамалар нәтижесі қамтылған материал орналастыруға байланысты болды. Демек, әлеуметтік сауалнамаларды әлі де дұрыс жүргізіп жатқан жоқпыз, - деді Қанат Ысқақов.
Бұған дейін 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттары сайлауына сайлау учаскелері дайын екенін жазған едік.