Сайлау науқаны «қара пиар» және «лас» технологияларсыз өтіп жатыр - Қ.Тұрғанқұлов

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс депутаттарының сайлауы науқанында «қара пиарды» немесе «лас» технологияларды пайдалану әрекеттері орын алған жоқ.

Сайлау науқаны «қара пиар» және «лас» технологияларсыз өтіп жатыр  - Қ.Тұрғанқұлов

Бұл туралы бүгін Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы байқаушылары миссиясымен кездесуі барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Оның сөзінше, сайлау науқанында саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін теңдей мүмкіндіктер берілді және БАҚ өкілдері мен сайлауға қатысушылар тарапынан заңбұзушылықтар орын алған жоқ.

«Бұл сайлаудың басты ерекшелігі сайлау заңнамаларын бұзу әрекеттері орын алған жоқ. Бұны өткен жылдың сәуір айында ғана өткен Президент сайлауынан бастау алған игілік деп есептейміз.  Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясына жүздеген өтініштер келіп түсті, олардың басым көпшілігі сайлау заңнамаларын түсіндірумен байланысты. 20 шағым ғана сайлау үдерісімен байланысты болды. Біз оларды жедел түрде қарап, тиісті шешімін шығардық», - деді ОСК төрағасы.