Сайлау науқаны кезеңінде ҚР ОСК 66 қаулы қабылдады - Л.Сүлеймен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау науқаны кезеңінде ҚР ОСК-ның 66 қаулысы қабылданды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті.

Сайлау науқаны кезеңінде ҚР ОСК 66 қаулы қабылдады - Л.Сүлеймен

«Орталық сайлау комиссиясы өз қызметін жариялы және ашық жүзеге асырды. Сайлау науқаны кезеңінде ҚР ОСК-ның 66 қаулысы қабылданған 33 отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарының барлығына бұқаралық ақпарат құралдары мен байқаушылар шақырылды», - деді ол.

Комиссия мүшесінің атап өтуінше, 26 ақпаннан 24 сәуірге дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің 190-нан астам сөйлеген сөзі жарияланып, теледидар мен радиоарналар эфиріне шықты. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы БАҚ үшін 20 брифинг ұйымдастырды.

«Сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардан ҚР ОСК-ге 50-ден астам сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті. Сауалдардың басым көпшілігі сайлау комиссияларының қызметіне, сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, дауыс беруді өткізу мен дауыстарды санауға, сайлаушылардың тізімдерін жасау мен нақтылауға және есептен шығару куәліктерін беруге, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды қолдап қол жинауға байланысты болды», - деді Л.Сүлеймен.