Сайлау: Нұрлан Әбдіров ТМД ПАА байқаушылар тобымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының (ТМД ПАА) байқаушылар тобымен видеоконференция режимінде кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Орталық сайлау комиссиясынан мәлім еткендей, бұл топ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлауға дайындық және оны өткізу жұмыстарына мониторинг жүргізеді.

«Нұрлан Әбдіров ТМД ПАА байқаушыларын жаңартылған заңнама бойынша жүргізілетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі ағымдағы сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен таныстырды.

Бұдан басқа, ОСК төрағасы кездесуге қатысушыларды партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары, жеребе тартудың нәтижелері, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттығына бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы хабардар етті», - делінген баспасөз хабарламасында.

Өз кезегінде ТМД ПАА делегациясының басшысы Дмитрий Кобицкий кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірген. Қазіргі уақытта ТМД ПАА байқаушылар тобын қалыптастыру жалғасып жатқаны атап өтілді. Оған кемінде 50 адам, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламенттерінің депутаттары, ТМД ПАА Кеңесі хатшылығының қызметкерлері және сайлау процестері саласында кәсіби білімі бар сарапшылар кіреді деп жоспарлануда.

Ол сондай-ақ ТМД ПАА байқаушылар тобының үйлестірушісі болып Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Өңірлік мәселелер және еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары, Армения-Қазақстан парламенттік достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобян тағайындалғанын хабарлады.

Делегация басшысы ТМД ПАА-дан халықаралық байқаушылар тобы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық пен өткізу мониторингін саяси бейтараптық, алаламаушылық, ашықтық және сайлау процесіне араласпау қағидаттарына сүйене отырып, жүзеге асыратынына сендірді.

Сондай-ақ ТМД ПАА өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау науқанын жария ету мониторингі, сайлауды қаржыландыру, электоралдық оқыту және сайлау науқанына қатысушылардың тең құқығын қамтамасыз ету мәселелерімен танысты.

Барлық қойылған сұрақтарға ҚР ОСК мүшелері толық жауап берді.

Нұрлан Әбдіров өз кезегінде делегацияға Қазақстандағы сайлауды халықаралық байқауға тұрақты қатысатыны үшін алғыс айтып, ТМД ПАА байқаушылар тобының толыққанды және тиімді жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатынын атап өтті.

Бүгінгі таңда 11 мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 97 халықаралық байқаушы аккредиттелген.


Фото: election.gov.kz




Соңғы жаңалықтар