Сайлау Президент Н. Назарбаевқа деген халық сенімін көрсетті - АҚШ байқаушысы В. Сокор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау Президент Н. Назарбаевқа деген халық сенімін көрсетті. Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына арналған брифингте халықаралық байқаушы, The Jamestown Foundation аға ғылыми қызметкер (АҚШ) Владимир Сокор осындай пікір білдірді.

Сайлау Президент Н. Назарбаевқа деген халық сенімін көрсетті - АҚШ байқаушысы В. Сокор

«Біз сайлау барысында әр түрлі округтерде болдық, сайлау учаскелері комиссияларының мүшелерімен, сайлаушылармен жүздестік. Осыған байланысты сайлауды аса табысты өтті деп мәлімдей аламыз. Енді Қазақстан алдағы уақытта халық таңдаған жолды дамыта түседі деп ойлаймын», - деді В. Сокор.

Оның айтуынша, халық сайлауының нәтижесінде дауыстардың 80 пайыздан астамы «Нұр Отан» партиясына тиесілі екені де белгілі болып отыр.

«Бұл партия Лидері Н. Назарбаевқа деген халық сенімі, Президенттің еңбегін халық біледі, сенеді. Ол Қазақстанға жаһандық және өңірлік дағдарысты еңсеруге көмектесетін тұлға», - деді В. Сокор.

Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлауға осымен үшінші мәрте байқаушы ретінде қатысып отыр. Осы жылдар ішінде сайлау үдерісі жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын байқатқан. «Сайлау учаскелерінің ішінде де, сыртында да жағымды жайттарды көбірек байқадық. Бұл да болса Қазақстан халқының қоғам мен мемлекет аясындағы саяси өскенін білдіреді. Наурыз қарсаңында болған сайлау да белсенділікті арттырды деп ойлаймын, халықтың қатысу көрсеткіші 80 пайызды көрсетті. Бұл белсенділік, яғни 70-80 пайыз арасындағы қатысу көрсеткіші алдағы уақыттарда да сақталатын болса, бүкіл әлемге жақсы үлгі болатын еді. Соның ішінде  АҚШ-тағы сайлауға қатысушылар 40 пайыз, батыс Еуропадағы қатысушылардың 50 пайызымен салыстырсақ, бұл - өте жағымды көрсеткіш», - деді байқаушы.

Сонымен қатар, саяси партиялардың Парламенттік мандатқа ие болу үшін қажетті 7 пайызға қатысты айтылып жүрген сынға да өз пікірін білдірді. «Әрине, осындай сындар айтылады, алайда саяси дамудың дәл бүгінгі уақытында бұл Қазақстан үшін дұрыс меже болып отыр. 7 пайыз саяси пісіп-жетілмеген партиялардың, белгілі бір мүдделі топтардың қаптап кетуінің алдын алады», - деді ол.