Сайлау процесіне қатысушылар тарапынан қандай да бір елеулі бұзушылықтар тіркелмеді - прокуратура

Бүгінге сайлау процесіне қатысушылар тарапынан қандай да бір елеулі бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Жалпы, үгіт-насихатты қоса алғанда барлық іс-шаралар бүгінгі күнгі жағдайға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес өткізілді.
«Дегенмен, сайлау қарсаңындағы, сондай-ақ сайлау күні құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сайлау процесінің барлық қатысушыларының назарын заңнаманың келесі нормаларына аударамыз», деп хабарлайды Бас прокуратура.
Конституциялық заңның 27-бабының 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгiт сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта, яғни, 2016 жылғы 19 наурыздағы 00.00 сағатта аяқталады (немесе 2016 жылғы 18 наурыздағы 24.00 сағатта).
Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады (Конституциялық заңның 32-бабы).
Бұл ретте сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.
Дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады (Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы).
Конституциялық заңның 39-бабының 2-тармағына сай дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы тәртiпке жауапты болады және Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге құқылы.
Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.
Әрбiр сайлаушының өзi дауыс беретінін атап өтеміз.
Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi (Конституциялық заңның 41-бабы).
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы:
- сайлау алдындағы үгiттi сайлау күнi не оның алдындағы күнi жүргiзгені;
- екі не одан көп рет немесе басқа сайлаушыға дауыс беру жолымен тең сайлау құқығы туралы талаптарды бұзғаны;
- басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкіндік беру мақсатында азаматтарға сайлау бюллетеньдерін бергені;
- дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi жариялағаны;
- сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салғаны үшін жауапкершілік туралы ресми ескертеді.
«Жоғарыда келтірілген заңнама нормаларын түсіндіре отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау қарсаңындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын өткізу күні заңдылықты бұлжытпай сақтауға шақырады», делінген хабарламада.