Сайлау: ШҚО-да байқаушылар іріктеліп, оқыту жұмыстары жүргізілуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін Өскемен қаласындағы Талдау және болжау институтында Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы Шығыс Қазақстан облыслық штабының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау: ШҚО-да байқаушылар іріктеліп, оқыту жұмыстары жүргізілуде

Шараға саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдері қатысты. Отырыс барысында Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы Шығыс Қазақстан облыслық штабының жұмысы таныстырылып, саяси партияларға байқаушыларды дайындау бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасалды.

«Сайлау кезінде бейпартиялық байқау жүргізу бастамасын қолдаймыз. Өзіміздің Альянс базасында штаб та құрдық. Біздің Альянсқа мүше болып отырған ұйымдармен тиісті жұмыс жүргізіп, бақылаушыларды іріктедік. Бүгінгі таңда 1169 адамды арнайы тренер оқытып, дайындап жатыр. Сонымен қатар сайлауды бақылауда халықаралық тәжірибесі бар мамандармен кездесулер өткізілуде», - деді ШҚО «Азаматтық Альянс» ЗТБ-ның атқарушы директоры Ольга Бобрышева.

Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, байқаушылармен жұмыс істеу бойынша 20 штаб құрылған.

«Барлық сайлау учаскелеріндегі байқаушылар мен сенімді өкілдердің тізімі жасалды. Бүгінде оларды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, әуелі негізгі ережелер түсіндіріліп, теория бойынша оқытып жатырмыз», - деді ол.