Сайлау туралы бастама арқылы Парламент батыл әрекетке барып отыр - Н. Ерімбетов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мерзімінен бұрын сайлау туралы бастама арқылы Парламент саяси батыл әрекетке барып отыр. Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауы туралы депутаттардың бастамасына орай, ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірген «Қазақстанның Азаматтық альянсы» Заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов осылай мәлім етті.
«Мен депутаттардың бастамасын дер кезінде көтерілген мәселе деп санаймын. Жалпы, бұл бастама арқылы Парламент саяси батыл әрекет жасады. Оларды сол үшін де құрметтеуге болады. Яғни, депутаттар қазіргідей аумалы заманда қоғамға өз таңдауын жасаудың оңтайлы мүмкiндiгiн ұсынып отыр», - деді Н. Ерімбетов.
Оның пайымынша, Елбасы аталған бастамаға қолдау көрсетiп, елімізде мерзiмiнен бұрын сайлау тағайындалса, онда осының өзі елдегі барлық партиялар үшiн, жалпы қоғам үшiн үлкен сынақ болмақ.
«Кез-келген сайлау арқылы қоғамның көңіл күйін анықтауға болады», - дейдi ол.