13:21, 20 Қараша 2022 | GMT +5
Сайлау учаскесіне қазақы киіммен келген Галина Фёдорова бауырсақ таратты
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Галина Фёдорова сайлау учаскесіне қызымен бірге қазақы киім киіп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ата-түрік атындағы №4 мектептегі 46-шы сайлау учаскесіне Галина Фёдорова қызымен бірге қазақы ұлттық киіммен келіп, өз таңдауын жасады. Олар сайлаушылар мен дауыс беру учаскесінің мүшелеріне өз қолдарымен пісірген бауырсақ пен бәліш үлестірді.
«Еліміздің жарқын болашағы үшін сайлауда өз таңдауымды жасадым. Бұл күн мереке болғандықтан сәнді киім киіп келдім. Елімізде тыныштық болсын деп тілеймін», - дейді кентаулық ару.
Кентау қаласының тұрғындары кезектен тыс президент сайлауында белсенді дауыс беріп жатыр. Елдің ертеңіне үлкен сеніммен қарайтын тұрғындар бұл күнді мерекеге теңейді. Барлық сайлау учаскелерінде халыққа барлық жағдай жасалған.
Видеодан алынған кадр