Сайлау: Үгіт науқаны қызды, сарапшылар не дейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттарын тіркеген саяси партиялардың тарапынан үгіт жұмыстары қыза түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайлау: Үгіт науқаны қызды, сарапшылар не дейді

Осыған орай сарапшылар да өз пікірін білдіріп жатыр.

Мәселен, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев: «Саяси партиялар өз үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Науқан басталмай тұрып екі партия ребрендинг жасады. Өз бағдарламаларын, бағыттарын белгіледі. Съездерін өткізді. 10 желтоқсанда сағат 18:01-ден бастап саяси партиялар белсенді түрде елді насихаттауға көшті. Халқымыз да өте мұқият тыңдап, бақылап отыр», - деп жазды Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, бүгін елордада билбордтар іліне бастады.

«Бұл да бұқараны өзіңе тартудың бір жолы. Тартысты саяси науқан болатын секілді. Біздің қоғам да Facebook-те пікірін білдіріп жатыр. Бұл да дұрыс. Ең тартысты бәсеке онлайн әлемде болады. Қарқынды өтуде. Осылай болғаны да жақсы. Не бар көшеде?.. Тоңып, жаурап. Қыстың суығында бәрі онлайн фейсбукта болғаны жақсы ғой негізі. Жалпы бұл сайлау бізді бір саты алға жылжытатын, саяси мәдениетті көтеретін науқан болады деп үміттенемін. Лайым солай болсын!», - дейді ол.

Ал журналист Нұрғали Нұртай кезекті сайлаудың саяси мерзімін 3 кезеңге бөліп қарастыруға болатындығын айтады.

«Біріншіден, кандидаттарды тіркеу, яғни үгіт алдындағы кезең. Осы кезеңде партиялар тиімді және қағылез жұмыс істей бастады. Бір партия тіпті сайлау тағайындалмай тұрып өз ішінен іріктеуді ерте бастаса, кейбір партиялар атауын өзгертті. Жиналыстарын жаңа форматта өткізіп, немқұрайлылықтан арылып, бағдарламаларын пысықтады. Сайлау процесінің негізгі қатысушылары саяси партиялар мен ОСК жақсы ұйымдастырушылық әлеуетін көрсетті», - деп жазды ол Facebook желісінде.

Оның айтуынша, бұл кезеңнің ең басты ерекшелігі кандидаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Атап айтқанда, Мәжіліске қазіргі депутаттардан 34-і ғана қайта үміткер болды. Бұл осы депутаттар қайта сайланды деген күннің өзінде Мәжіліс 63 пайыз жаңарады деген сөз.

«Екінші - үгіт-насихат науқаны. Бір ай мезгіл партиялардың саяси додада бәсекелестігін, мемлекеттік басқару мен қоғамды дамытуда өміршеңдігін дәлелдейтін уақыт. Алғашқы күннен біз кандидаттардың, сайлау штабтарының науқандық қарбаластығын байқадық. Мысалы, алғашқы минуттарда «Ауыл партиясы» республикалық штабының жиналысын өткізді. Сайлау процесі экономикалық дағдарыс пен коронавирустық карантинге қарамастан ішкі тұрақтылық жағдайында жүріп жатыр. Үшінші кезең, әрине сайлау күні. Ал, сайлаудың қалай өтіп, креслолардың кімнің еншісінде тиетіні сайлауға түскен саяси партиялардың алғашқы екі кезеңде жүргізген жұмысына байланысты» дейді журналист.