Сайлау заңнамаларының бұзылғаны жөнінде прокуратура органдарына 18 арыз-шағым түсті - Бас прокуратура
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осы уақытта елімізде өтіп жатқан Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында заңбұзушылықтардың орын алғаны жөнінде прокуратура органдарына 18 арыз-шағым келіп түскен.
Дегенмен, прокуратура тексеруді аяқтаған арыздардың ешқайсысы расталмады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның деректеріне қарағанда, таңғы сағат 10 шамасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы прокуратурасының сенім телефонына облыстық мәслихат депутаттығынан үміткерлердің бірінің сайлау штабынан осы аудандағы №348, №376, №354-інші сайлау учаскелерінде алдын ала белгі қойылған бюллетеньдердің таратылып жатқандығы жөнінде ақпарат түскен. «Осы ақпарат бойынша жедел түрде ұйымдастырылған тексеру барысында - деректер расталмады. Яғни, сенім телефонына түскен ақпарат жалған болып шықты», - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ оның айтуынша, осы тектес шағым Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасына да түсті. Шағымданушының сөзінше, Ғ.Мүсірепов ауданының Имантау кентінде орналасқан Имантау аграрлық колледжінің 212-ші тобының жетекшісі Колесников, студенттерге дауыс беруге бармаған жағдайда шәкіртақысынан айыратындығын айтқан.
«Алайда тексеру барысында бұл ақпарат та дәлелденбеді. Тіпті, аймақта Имантау деген кенттің де ешқандай колледждің де жоқ екендігі белгілі болды. Осыған ұқсас тағы бір жағдай тіркелді. Петропавл қаласының №10 мектебінде Райса Волкова атты ұстаздың оқушылардың ата-аналарына «Нұр Отан» партиясына дауыс беру туралы өтініш жазып жібергені туралы айтылады. Алайда бұл мектепте Р.Волкова атты ұстаздың жұмыс істемейтіндігі анықталды, шағымда көрсетілген факті расталмады», - деді Н.Сүйіндіков.
Оның айтуынша, прокуратура органдарына түскен өзге арыз-шағымдар бойынша тексеру шаралары жалғасуда. «Арыз-шағымдар ең көп түскен аймақтардың алдында Алматы қаласы тұр. Бұл қаладан - 6, Шығыс Қазақстан облысынан - 5, ал Солтүстік Қазақстан мен Алматы облысынан - 2 арыздан түсті. Қызылорда, Ақмола, Қарағанды облыстарынан бір-бір шағымнан тіркелді. Олардың барлығы мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты болып отыр», - деді ресми өкіл.