Сайлау жоғары демократиялық талаптарға сай өтті - профессор И.Зенкевич

АЛМАТЫ. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы жоғары демократиялық талаптарға сай өтті.

Сайлау жоғары демократиялық талаптарға сай өтті - профессор И.Зенкевич

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлауға қатысты қорытынды есебінде Д.Қонаев атындағы қылмыстық-құқықтық тәртіп кафедрасының профессоры И.Зенкевич айтты.

«Мен Медеу ауданына қарасты № 345-ші сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы ретінде өз міндетімді атқардым. Бұл жердегі учаскіге қарайтын тұрғындар әр түрлі ұлт өкілдері. Айтатын болсам қазақтар, ұйғырлар, славяндар, татарлар және тағы да басқа ұлт өкілдері бар. Тізім бойынша мұнда 2 777 сайлаушы тіркелген. Мені қатты таң қалдырғаны, сайлауға 2 748 адамның қатысқаны болды. Яғни, сайлаушылардың 98,6 пайызы қоғамдық-саяси маңызды дүниеге бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Маған «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі екенімді білген адамдар келіп заңгерлерге сенетіндерін білдірді. Олардан Елбасы Н.Назарбаевқа деген үлкен қолдауды көрдім. Елбасына деген сенімдері өте жоғары. Осы тұста Н.Назарбаевтың ұлттар арасындағы тұрақтылықты саяси тұрғыдан жақсы қалыптастырғаны байқалды. Менің, қосатыным сайлау ашық түрде әділ өтті. Барлығы заң талаптарына сай жүргізілді. Сайлау жоғары демократиялық талаптарға сай өтті» - дейді Д.Қонаев атындағы қылмыстық-құқықтық тәртіп кафедрасының профессоры И.Зенкевич.

Аталмыш бірлестік 2005 жылы 25 тамызда Қазақстанда демократиялық және құқықты мемлекетті құру мақсатында белгілі қазақстандық ғылым-заңгерлер және тәжірибешілердің ұсыныстары бойынша құрылған.

«Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі - өзін-өзі басқаратын ерікті саяси және коммерциялық емес қоғамдық бірлестік.

Қоғамдық бірлестіктің мүшелері еліміздің барлық қалаларында өз міндеттерін атқарды. Олардың айтуынша Алматы, Астана, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және Алматы облысының тұрғындары кезектен тыс ҚР Президенттік сайлауына белсенді түрде ат салысқан.

Жалпы, сайлау учаскелерінде тәуелсіз бақылаушылар ретінде Д.А.Қонаев атындағы Университет, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Талдықорған қаласындағы А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Астана қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы колледж сияқты оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы үлкен жұмыс атқарды.