Сайлауалды бағдарламаның мүлтіксіз орындалуын жеке бақылауыма аламын - Президент
«Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз. Осы қағидаттар менің сайлау алдындағы тұғырнамамда нақты көрініс тапты. Мен оның әр сөзіне, әр сөйлеміне терең мән бердім. Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз ететін арнайы Жарлыққа қол қоятынын айтты.
«Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отырғанын білемін. Тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Осыған байланысты арнайы Жарлыққа қол қоямын. Бұл Жарлық нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мүлтіксіз орындалуын жеке бақылауыма аламын», - деді Қ. Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенті ретінде ұлықтау рәсімі өтуде. Бұл инаугурация – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетінші ұлықтау рәсімі.
Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынга 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен болатын.