Сайлауалды науқанда саяси бағдарламалардың белгілі бір бәсекелестігі болды - саясаттанушы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлауалды науқанда саяси бағдарламалардың белгілі бір бәсекелестігі болды. Бүгін «Аманат» интеллектуалды пікір-сайыс клубының кезекті отырысына саясаттанушы Ерлан Саиыров осындай пікір білдірді.
Оның пайымдауынша, биылғы сайлау науқаны ашық және транспарентті түрде өтті деуге толық негіз бар. «Өйткені кандидаттардың барлығына тең дәрежелі мүмкіндік берілді. Екіншіден, ақпарат құралдарында барлық кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы, сонымен бірге олардың қоғаммен өткізген кездесулері жан-жақты қарастырылды. Науқан барысында ешқандай «қара технологиялар» қолданылған жоқ.
Сондай-ақ бұл додада саяси бағдарламалардың бәсекелестігі болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Құсайыновтың бағдарламасы болсын немесе Сыздықовтың бағдарламасы болсын, оларда солшыл бағыттағы белгілі бір ұрандары болды. Ал Назарбаевтың қоғамдық штабы центристік бағытты ұстады», - дейді ол.
Оның айтуынша, саясаттанушылар біраз өңірлерді аралап қайтқан. «Сонда көз жеткізгеніміз, қоғамның түрлі топ өкілдерін сайлауалды бағдарламалары қызықтыратыны көрініп тұр. Сондықтан бұл сайлау Қазақстандағы саяси мәдениетті жетілдірудің белгілі бір кезеңі болды деуге толық негіз бар».
«Биылғы сайлауалды науқанында тарапынан ешқандай «қара PR» шаралары қолданылған жоқ. Мұның өзі еліміздегі саяси мәдениеттің көтеріліп келе жатқанын көрсетеді», - дейді тағы бір саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлы.