Сайлаубек, Сайлауғазы және Сайлаугүл: сайлауға қатысқан үш астаналықтың оқиғасы
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 29 қарашада елорда тұрғындары мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс беріп жатыр. Бүгінде еліміз бойынша 10 338 сайлау учаскесі ашылған. Оның 446-сы Астанада орналасқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қала тұрғындарына сайлау учаскелеріне жетуді ыңғайлы ету үшін елордада барлық қалалық және қала маңына қатынайтын автобустар мен Tarlan Astana көлігінде күн соңына дейін жол жүру тегін болды.
Таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне отбасыларымен келіп жатқан тұрғындардың белсенділігі азаматтардың жауапкершілікпен қарап, елдегі өзгерістерге атсалысуға дайын екенін көрсетеді.
Бүгін елордада азаматтық борышын өтегендердің арасында сайлау күні ерекше мәнге ие жандар да бар.
Мәселен, астаналық Сайлаубек Махметов біраз жыл бұрын дәл дауыс беру күні дүниеге келген. Осы оқиғаға қуанған ата-анасы ұлына Сайлаубек деген есім берген. Қазақ тіліндегі «сайлау» сөзі дауыс беру науқанын білдіреді. Бүгін таңертең Сайлаубек Дүйсембекұлы отбасымен бірге Байқоңыр ауданындағы №81 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Осылайша ол азаматтық белсенділігін көрсетті.
– Мен Мемлекет басшысының саясатын толық қолдаймын. Бүгінгі сайлауда жастардың көбірек ұсынылып, депутаттыққа сайланып жатқанына шын жүректен қуанамын. Жаңа идеялары бар жастардың келуі еліміздің дамуы мен болашағына оң әсер етеді деп ойлаймын, – дейді Сайлаубек Махметов.
Тағы бір астаналық Сайлауғазы Сабырбековтің де есіміне қатысты осындай оқиға бар. Оған ерекше есімді 1970 жылғы маусымда өткен сайлаудың құрметіне әкесі қойған. Сайлауғазы өз таңдауын жасау үшін елордадағы №238 сайлау учаскесіне келді.
– Бүгін – елорда тұрғындары үшін маңызды күн. Мәслихат депутаттарын сайлау әр азаматқа өз таңдауын жасап, өзі тұратын қаланың болашағына қатысты пікірін білдіруге мүмкіндік береді. Мен де азаматтық борышымды орындап, дауыс бердім. Бүгінгі сайлау елорданың одан әрі дамуына және қала тұрғындарының өмір сапасының жақсаруына үлес қосады деп сенемін, – деп атап өтті Сайлауғазы Сабырбеков.
Елорда тұрғыны Сайлаугүл Қаршыға да отандастарымен бірге мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысты. Ол сайлау процесінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді.
– Тұрғылықты жерім бойынша тіркелген сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердім. Сайлау жақсы ұйымдастырылған, бәрі қалыпты әрі жүйелі түрде өтіп жатыр. Учаскеде барлық қажетті жағдай жасалған. Жұмыстың ұйымдастырылуы да маған ұнады, – дейді Сайлаугүл Қаршыға.
Осындай қарапайым оқиғалар қазақстандықтардың ел өміріне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Олар үшін сайлауға қатысу – жай ғана міндет емес, елдің болашағына үлес қосу жолындағы саналы таңдау.