Сайлауда Кентаудың ақ әжелері наурыз көже таратты
КЕНТАУ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Кентау қалалық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Роза Жұмабаева бастаған әжелер сайлау учаскесіне келіп, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олар сайлау учаскесіндегі байқаушылар мен дауыс берушілерге ұлттық тағамдар таратты. Ақ кимешек киіп, ұлттық құндылығымызды дәріптеген аналар көпшілікке наурыз көже, бауырсақ, құрт-ірімшік үлестірді.

«Баршаңызды бүгінгі еліміз үшін маңызды сайлаудың басталуымен және Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ел үшін қызмет ететін адамдарды таңдау – елдің жарқын болашағы. Сол себепті бұл күн маңызды, әрі еліміз үшін мереке. Елімізде тек жақсылықтар орнасын», - деп Роза әже ақ батасын берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Кентау қаласында 35 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Жалпы, 56 172 сайлаушы дауыс береді деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгін елімізде Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр.