Сайлауда Ресей, Түркия және Өзбекстан елдеріндегі қазақстандықтар белсенділік танытты
«Сыртқы істер министрлігі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстанның шет елдердегі Қазақстан Республикасының мекемелері жанындағы сайлау учаскелерінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты аяқтады. Шетелдегі қазақстандықтар арасында жоғары сайлау белсенділігі байқалды. 53 мемлекетті ҚР мекемелері жанынан сайлаушылардың жалпы саны 12 841 адамнан тұратын 68 учаскелік сайлау комиссиясы ашылған. Шетелдегі барлық учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарын аяқтады. Қазақстан Республикасының 11 360 азаматы дауыс берді. Бұл сайлаушылардың 88,47 %-ын құрайды», - деді ведомствоның ресми өкілі.
Оның айтуынша, шет мемлекеттердегі қазақстандықтардың көпшілігі Ресейде дауыс берген. Онда 2 600 адам өз таңдауын жасапты. Сайлаушылар саны бойынша екінші орында Түркия тұр. Бұл елде 1 423 Қазақстан азаматы дауыс берген. Сонымен қатар, 591 қазақстандық Өзбекстан Республикасы аумағындағы сайлау учаскелерінде өз таңдауын жасаған.