Сайлаудағы дауыс берудің жоғары белсенділігі халықтың ынтымағының арқасы - ақын Несіпбек Айтұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттік сайлаудағы дауыс берудің жоғары белсенділігі халықтың ынтымағының арқасы. Бүгін елордада ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы осылай мәлім етті.
«Таңертеңнен сайлау учаскемізге барып, дауыс бердік. Биыл сайлау мереке сияқты, яғни халықтың көңіл-күйі өте жоғары. Байқағаным, таңертеңнен бері жастар мен қарттар да белсенді дауыс беріп жатыр. Тіпті, дауыс берушілердің кезекте тұрғанын көруге болады. Сондықтан, бұл жолғы сайлаудың өте жоғары дәрежеде өтіп жатқандығын, қанаттанған халықтың ынтасын атап өткім келеді», - деді Н. Айтұлы.
Ақын елордадағы бірқатар сайлау учаскелеріне барып келгенін, осы тұрғыда заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді байқамағанын жеткізді.
«Адамдардың барлығы мерекеге келгендей дауыс беріп жатыр және осы жағдай мені кәдімгідей қуандырды. Мұның барлығы еліміздегі бірліктің, ынтымақтың арқасы», - деді Н.Айтұлы.