Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында Қазақстан Халық партиясының өкілдерімен кездесу өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының мүшелері елордада Қазақстан Халық партиясының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бір аптада бес партияның өкілдерімен кездесіп, пікір аламасуды жоспарға енгіздік. Осы орайда Қазақстан Халық партиясының жұмыстары жайында ақпарат алуға мүдделіміз. Бұл тұрғыда Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы ретінде сайлау науқанына баға беруге дайындалып отырмыз. Қазіргі кезде байқаушыларды дайындауға екпін қойдық. Осыны ескере отырып, Қазақстан Халық партиясының да байқаушылары, сенімді өкілдеріңіз бар. Бүгінгі пікір алмасу барысында осы адамдардың жұмыстарымен танысуға ниеттіміз. Сайлау науқаны кезінде бірлесіп жұмыс істеу бағытын да ескеру керек. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз – ол сайлауды қажетті деңгейде әрі әділетті өтуіне жағдай жасау», - деді кездесуде Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының басты міндеті – ешкімді алаламай, байқаушылардың жұмысын ұйымдастыру.
Өз кезегінде Қазақстан Халық партиясының өкілі Олжас Сыздықов байқаушыларды тіркеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
«Байқаушыларға тоқталсақ, біздің мақсат – сайлау учаскелерін 100 пайыз қамту. Қазіргі кезде байқаушыларды тіркеу мен тізімді құру іс-шаралары жалғасып жатыр. Азаматтық қоғамның байқаушы жұмыстарына тартылуы өте маңызды деп білеміз. Себебі азаматтық қоғам бұл процеске тартылса, онда халық сайлауға сенім білдіріп, өз таңдауын жасайды. Сондықтан сайлаудың әділ өтуіне кепілдік беріледі», - деді ҚХП республикалық сайлауалды штабының төрағасы Олжас Сыздықов.
Еске сала кетейік, биыл желтоқсан айының басында елордада Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы ашылған еді.
Бұл орталық сайлау учаскелерін барынша қамту үшін әлемдік стандарттарға сай байқаушыларды дайындайды.