Сайлауды қалай әділ өткіземіз: ҚР ОСК төрағасы Жетісу жұртшылығымен пікірлесті
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Арнайы іс-сапар барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Жетісу жұртымен ашық пікірлесті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басты мақсат - Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауында сайлауға қатысты айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру.
Естеріңізде болса, Президенттің халыққа Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау бастамасы көтерілген болатын. Соның нәтижесінде, 935 ауыл әкімін тікелей сайлау науқаны өткізілді. Өткен жылы 25 шілдеде 736 әкім сайланды. Ендігі кезекте Қасым-Жомрат Кемелұлы 2023 жылы аудан әкімдерін тікелей сайлау пилоттық жоба ретінде жүзеге асатынын айтты. Сондықтан да, бұл кездесу алдағы саяси дода алдындағы дайындықтың алғашқы сатысы болып табылады.
Кездесуде сөз алған Нұрлан Әбдіров, Президенттің сайлауды жаңа форматқа көшіру керектігі туралы айтқандығына тоқталды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев елмен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын есту, ұсыныстары болса тыңдап, ескеру қажеттігін айтты. Негізгі мәселе - сайлау процесін жетілдіру, қоғамның сұраныстарына қарай осыны ұйымдастырып, алдағы сайлау науқандарын заңға сүйене отырып, қамтамасыз ету қажет деп тапсырма берді»,-деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
Жиында сайлау науқанындағы жүйелердің бірізділігі, комиссия құрамы мен саяси доданы өткізудегі әділдікті қамтамасыз ету сынды бірқатар сұрақтар көтеріліп, тұрғындар тарапынан ұсыныстар да айтылды.

Кездесуде алғашқы ұсыныс, Алматы облысы қоғамдық палатасының төрағасы Болат Әбішұлының тарапынан түсті. Ол Сенат депутаттарының сайлауына әр өңірдегі қоғамдық кеңестің бір мүшесі сайлануы керек деген ұсынысын жеткізді.
Оның сөзінше, сонда ғана Сенат - халықтық деген атқа ие болады. Келесі кезекте, республикалық байқаушылар ұйымының мүшесі Ермек Ешмұхаметов халықтың сайулаудың әділдігіне сенбейтіндігін сонымен қатар, науқан кезінде аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің пендешілікке салынатынын ашып айтты.
Ол, сайлау комиссияларының мүшелері ретінде мемлекеттен жалақы алмайтын, билікке тәуелсіз қоғамдық емес ұйымдардың өкілдерін сайлау комиссиясының құрамына енгізу шарт деген ойын білдірді. Сөзінің соңын Ермек Ешмұхаметов «Жаңа Қазақстанды құрғымыз келсе, мемлекетті ойлауымыз қажет»,- деп түйіндеді.
Сонымен қатар, өзгеде қоғам қайрат керлері мен кеңес мүшелері, аумақтық сайлау комиссиясының құрылуына өзгеріс енгізіп, саяси доданың дұрыс өтуі үшін елдің белсенділігін арттыру керектігі жайлы пікірлерін ортаға салды.
Әуелде сайлау жүйесіне жаңа формат енгізуге қатысты кездесуге келгендер, электронды жүйеге көшу керек екенін жеткізді. Дегенмен, ашық диолог алаңында жиналған жұрттың ойы екіге бөлінді. Бірі, элктрондық жүйе- сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне елдің сенімін ұялатады деді. Екінші топ, шалғай елді мекендерде ғаламтордың жылдамдығының аздығы мен қариялардың жаңа форматқа үйреніспейтіндігін айтып жатты.
Ал, орталық сайлау комиссиясының мүшелері бұл форматқа әлі ауыспайтындығын, жүйені жаңашалау үшін қыруар қаржы қажеттігін алға тартты.
Жиын соңында төраға, сайлау жүйесіндегі кететін олқылықтардың басым бөлігі сайлау комиссияларының мүшелері қолданыстағы заңды білмейтіндігі деп қысқа қайырды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы елде 70 мың учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бар екендігін, алайда олардың көпшілігінің «Сайлау туралы» заңды білетіндігіне кепілдік бере алмайтындығын жеткізді. Дәл осы қателік, бақылаушылар арасында да кездесетіндігін айтты.
«Әркім өз құқығын білуі керек. Осы жағынан оқып, үйретуіміз қажет. Біз өз тарапымыздан қолдан келгенше Президенттің тапсырмасын толық қамтуға тырысамыз. Қазір өзгерістің заманы. «Жаңа Қазақстан» деген жалаң сөз болып қалмауы тиіс. Бәрісіз де шынайы біліміз бен тәжірбиемізді елдің болашағы жолында сарп етуіміз қажет»,-деп қорытындылады ҚР орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы.
Ведомство өкілдері бұған дейін елдің 8 облысында ауқымды жиындар өткізген.