Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу дұрыс әрі орынды шешім - Б.Тәжібаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу дұрыс әрі орынды шешім. Бүгін Астана қаласының баспасөз орталығында өткен брифингте қаладағы кәсіподақтардың өкілі Бақытжан Тәжібаев осындай пікір білдірді.
«Елбасының ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары мен жергілікті мәслихат депутаттары сайлауын 20 наурыз күні өткізу туралы Жарлығын қолдау жөнінде мәлімдеме жасағым келіп отыр. Бұл сайлауды өткізу туралы шешім қабылданар алдында оның біраз таразыланғанын білеміз», - деді ол.
Осы ретте Б.Тәжібаев қазіргі уақытта әлемде орын алып жатқан геосаяси, экономикалық өзгерістердің Қазақстанның экономикасына да теріс әсерін тигізіп отырғанын атап өтті.
«Елбасының тікелей бастамасымен елімізде жаһандық дағдарысқа қарсы тұрудың арнайы жоспарлары құрылған. Ол жоспарлардың жүзеге асырылуы, орындалуы, жалпы біздің еліміздің ары қарай дамуы, азаматтық қоғамның жаңғыртылуы тек өзімізге ғана байланысты. Сондықтан да бұл шешім өте дұрыс және орынды деп санаймыз», - деді Б.Тәжібаев.
Сонымен қатар ол Мәжіліске және жергілікті мәслихаттарға жаңа адамдардың келгендігін қалайтындығын атап өтті.
«Әрине, 5-ші шақырылым депутаттары да мол жұмыс атқарды. Бірақ, экономикалық-саяси дағдарыстарды түсінетін және оны алдын ала еңсеру жолдарын білетін, елдің, қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын жаңа леп жастардың келуін қалаймыз», - деп түйіндеді сөзін Астана қаласы кәсіподақтарының өкілі.