Сайлауды өткізуде Қазақстаннан үлгі алатын тұстар бар - Израиль Елшісі Элияу Тасман
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат сайлауының өткізілуі барысында Қазақстандағы Израиль Елшісі Элияу Тасман жоғары баға берді.
«Бүгін Астанадағы Сенат депутаттығына кандидаттарды сайлаудың үдерісін бақыладым. Жалпы Қазақстан халқы үшін маңызды бұл күнде өтіп жатқан дауыс беру барысында заң бұзушылықтарды өзім байқамадым. Атап айтқанда, Қазақстандағы сайлауды біздің елдегі жағдайға қарағанда жақсы деп бағалаймын. Мен Елші болғандықтан, өз өмірімде әлем елдеріндегі көптеген сайлауларда болдым. Сондықтан барлығын сараптап, саралап жүремін. Осы орайда Қазақстандағы сайлау ашық өтті деп айта аламын», - деді Елші. Айта кетейік, күнтізбелік жоспарға сәйкес, 29 қыркүйек сағат 24.00-де үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. Үгіт-насихат шарасының аясында сайлаушылармен 11-29 қыркүйек аралығында аймақтарда 266 кездесу өтті. 30 қыркүйекте, сонымен бірге дауыс беру күні - 1 қазанда кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынды. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек қана таңдаушылар, яғни мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді. Осылайша, өз кезегінде еліміздің азаматтары тікелей сайлауда сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды, ал олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.