Сайлауды ұйымдастырушылардың басты мақсаты - сайлаушылар арасында кикілжің тудыратын жәйттарды болдырмау - ОСК төрағасы

Сондай-ақ ұйымдастырушылар сайлау заңдарының бұзылу жағдайларының алдын алып, заң бұзылған жағдайда кемшілікті бірден қалпына келтіруге тырысуы керек. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттары депутаттарының сайлауына әзірлік және оны өткізу мәселелеріне арналған семинар-кеңес барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда партиялық тізімдерді белгілеу шарасы жүріп жатыр және бұл шара 5-ші желтоқсанда аяқталады. Бұған қоса осы уақытта мәслихат депутаттығына кандидаттыққа үміткерлерді ұсыну шарасы жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар 14-ші желтоқсанға дейін жалғасады. «Партиялық тізімдерді тіркеу шарасы 15-ші желтоқсанда, ал мәслихат депутаттығынан үміткерлерді ұсыну 20-шы желтоқсанда аяқталатындығын есте ұстау керек», - дейді ОСК төрағасы.
Оның айтуынша, сайлау науқаны басталғалы Орталық сайлау комиссиясы қажетті құжаттар мен норматвтік-құқықтық актілер дайындап, оларды қажетті жерлерге жіберген. Сондай-ақ сайлау барысында ұйымдастырылатын негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары да бекітіліп, таратылған.