Сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне ерекше мән беру керек - Н. Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс 17-ші съезінде сөз сөйлеген ҚР Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліске депутат болуға үміткер кандидаттарға сәттілік тіледі.
«Бүгін біз тағы бір тарихи сәтті басымыздан өткеріп жатырмыз, сондықтан да бүгін Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидаттарға, біздің партияның мүшелеріне осы сайлауда шын жүрегімнен сәттілік тілеймін. Сайлау барысы әлемнің түрлі елдерінен көптеген байқаушылардың назарында болады. Осы орайда сайлау ашық, әділетті өтуі тиіс. Әрқайсысы дайындалуы керек»,-деді Президент.
Мемлекет басшысы кандидаттарды өздерінің білімімен қаруланып, партияның атқарған жұмыстарын және алдағы уақытта жүзеге асыратын қадамдарын дәйекті түрде халыққа жеткізуге шақырды.