«Сайлаудың ашық та жария өтуі - мемлекетіміз үшін үлкен сын» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 3 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында республика Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Көлік және коммуникациялар министрі Берік Камалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы облысында салынып жатқан көлік инфрақұрылымы нысандарының дайындығын тексерді. Негізгі нысандарды іске қосу мен тұсаукесер рәсімі биылғы жылғы желтоқсанның 9-ында Индустриялық форум аясында өткізілетін болады. «Бұл жол Қазақстанның көлік жүйесін дамытудағы республиканың транзиттік әлеуетін пайдалануда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Құрылыс барысында бес мың жұмыс орны ашылды. Ол іске қосылғанда 2055 адам тұрақты жұмыспен қамтылады», - деп жазады басылым. Мақала «Инфрақұрылымдар дайындығы жоғары» деген тақырыппен берілген.
«Кеше Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы басталды. Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының» демеушілігімен өткізіліп отырған бұл шараның мақсаты - мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде айтысты халыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету, болашақ ұрпаққа айтыс өнерінің қадір-қасиетін ұғындыру, поэзия арқылы мемлекеттік тілдің арнасын кеңейтіп, дамыту мен насихаттау», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, үш күнге созылатын айтысқа еліміздің барлық аймақтарындағы дүлдүл айтыскерлермен бірге, үлкен сахнаға енді ғана шығып жүрген дарынды ақындар, сонымен қатар Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінің таңдаулы айтыскерлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салуда.
***
«Айқын» газетінің сенбілік санында алда өтетін Мәжіліс сайлауына арналған көлемді мақала «Үміткерлерді ұсыну 5 желтоқсанда аяқталады» деген тақырыппен жарияланды. басылымның атап өтуінше, ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов мәлім еткен деректерге сәйкес, 15 қаңтарға тағайындалған мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына 489 үміткер ұсынылған. Азаматтардың 63-і облыстық мәслихаттың депутаттығына, 371-і аудандық мәслихаттың депутаттығына, ал 55-і қалалық мәслихат депутаттығына үмітті. Мәслихаттарға үміткерлерді ұсыну Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстарында белсенді жүргізілуде. Ал Мәжіліс депутаттарының сайлауына әзірше «Нұр Отан» партиясы ғана өз үміткерлерін ұсынған.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен арадағы сұхбат «Сайлаудың ашық та жария өтуі - мемлекетіміз үшін үлкен сын» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Сайлау мәселесіне қатысты шетелдік қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардан ұсыныстар жасалды. Бірақ та заңдарға енгізілген барлық түзетулер Қазақстанның ұлттық және қоғамдық ерекшеліктеріне орай жүзеге асырылады. Оның үстіне барлық ұсынысты заңдарға енгізу бір күннің, бір айдың жұмысы емес. Сондықтан да мұндай мәселелер маңызды отырыстарда, дөңгелек үстелдерде қаралып, талқыланып жатыр», - депті.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Отырыста еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және жолдауларын іске асыру мәселесі қарастырылды. Аталған мәселе бойынша Конституциялық Кеңестің ақпараты тыңдалды. Сонымен бірге, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын 2011 жылда іске асыру жөніндегі жоспардың орындалуы бойынша жұмыс қорытындылары туралы Әділет министрлігінің есебі тыңдалды.