Сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін - Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың маусым айында Қазақстанда өтетін кезектен тыс сайлауды әділ өткізуге кепілдік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін - Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеуінде мәлімдеді.

«Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек», - деді Президент.

Оның айтуынша, мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.