Сайлауға 13 күн қалды: Камала Харрис Дональд Трампты фашист санайды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенттігіне кандидат Камала Харрис сәрсенбі күні сайлаушылармен кездесуде қарсыласы Дональд Трампты фашист деп санайсыз ба деген сұраққа «иә» деп жауап берді, деп хабарлайды BBC. 

Сайлауға 13 күн қалды: Камала Харрис Дональд Трампты фашист санайды
Фото: x.com/VP

«Иә, мен солай ойлаймын. Мен сондай-ақ оның осы жағын жақсы білетін адамдарға сену керек деп ойлаймын», - деп жауап берді Харрис залдан түскен сұраққа.

Харрис Трампты жақсы білетін адамдар туралы айтқанда, ол президент Трамптың бұрынғы аппаратының басшысы Джон Келлиді меңзеген болуы мүмкін. Ол сейсенбіде екі сұхбатында Дональд Трампты фашист деп атады.

Келли The New York Times газетіне берген сұхбатында Трамптың басқаруда диктаторлық көзқарасты жақтайтынын және оның көзқарастары «фашизмнің жалпы анықтамасына сәйкес келетінін» айтты. 

Тhe Atlantic басылымына берген сұхбатында Келли баспасөзде тағы толықтырды: оның айтуынша, Трамп бір кездері нацистік генералдар Адольф Гитлерге бағынғанындай, қызметкерлерінің де оған сөзсіз бағынғанын қалайтынын айтқан.

Трамп бұған жауап ретінде Truth әлеуметтік желісінде Келлиді азғын деп атап, оның нацистік генералдар туралы әңгімесінің өтірік екенін мәлімдеді.

Дегенмен CNN арнасының тілшісі Джим Шуттоның «Ұлы державалардың оралуы» кітабына берген сұхбатында Келли Трамптың Гитлер басшылығының кейбір аспектілерін жоғары бағалағанын айтты. Келли Трамптың: «Бірақ Гитлер бірнеше жақсы іс жасады» деген сөзін еске алды. 

Джон Келли экс-президенттің нацистік диктатор мен оның армиясына таңданысы туралы ақпаратты жариялағаннан кейін Харрис Вашингтондағы резиденциясының алдында сөйледі.

«Дональд Трамптың алты миллион еврей мен жүздеген мың америкалықтардың өліміне себепкер болған Адольф Гитлерге сілтеме жасауы шынымен де алаңдатарлық және өте қауіпті. Мұның бәрі Дональд Трамптың шын мәнінде кім екенін дәлелдейді», - деді ол.

Демократиялық кандидаттың сыны АҚШ-тағы президенттік сайлауға небәрі 13 күн қалған кезде айтылды.

Осы арада, The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, президенттік сайлауға Республикалық партиядан үміткер Дональд Трамп сайлауға екі аптадан аз уақыт қалғанда вице-президент Камала Харристі аз ғана артықшылықпен – 47%-дан 45%-ға дейін озды. 

Соңғы жаңалықтар