Сайлаушылар өз таңдауына жауапкершілікпен қарап отыр - Мәдина Нұрғалиева
«Биылғы сайлау аясында Exit-poll өткіздік. Кеше біз сайлау учаскелерінен шыға берісте сауалнама тәсілін қолдандық. Зерттеуіміздің параметрлеріне қысқаша тоқталатын болсақ, біз барлық республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы 600-ге жуық сайлау учаскесін қамтыдық. Бұл жұмысқа 620-дан астам адамды жұмылдырдық. Сауалнама 74 қала мен 242 ауылда жүргізілді. Біздің әдістеме бойынша 70 мыңнан астам сайлаушыға сұрақ қойдық», - деді М. Нұрғалиева.
Оның пайымынша, сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаудың жоғары көрсеткіші халық өз таңдауын түсініп, осы таңдауға жауапкершілікпен қарай отырып, саналы түрде дауыс берді деген қорытынды жасауға мүмкіндік берді.
Сарапшының айтуынша, биылғы қыркүйек-қазан айларында институт жүргізген алдын ала зерттеулерде азаматтардың алдағы сайлау туралы хабардар екенін, оған қызығушылық танытып отырғанын көрсеткен.
Бұған дейін хабарланғандай, «Астана» телеарнасының тікелей эфирінен AMANAT партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты Exit-poll нәтижесін жариялады.