Сайлаушылар тізімі қалай құрылады – ОСК
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу ережесін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР сайлау туралы» Конституциялық Заңның 24-бабына сәйкес, сайлаушылар тізіміне республиканың белсенді сайлау құқығы бар азаматтары енгізіледі. Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жергілікті атқарушы орган Жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқор негізінде жасайды. Нақты бір сайлау учаскесіне азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның тіркелуі, яғни осы сайлау учаскесінің аумағында тұру фактісі негіз болады», - деді К. Петров ОСК отырысында.
Ал уақытша тіркелген азаматтар жергілікті атқарушы органға берген өтінішті негізінде сайлаушылар тізіміне енеді.
«Бұл ретте жергілікті атқарушы орган азаматты тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен шығаруға міндетті болады. Заңда әрбір азаматтың сайлаушылардың бір ғана тізіміне енуге құқығы туралы норма нақты белгіленген. Әрбір сайлаушы «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру күніне дейін 30 күннен кешіктірмей сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Мұндай мүмкіндік ҚР әрбір азаматында болды. Яғни, конституциялық заң әрбір азаматқа өзін сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңдық маңызы бар әрекеттер жасауын қарастырады», - деді К. Петров.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов сайлау кезіндегі санитарлық нормаларды сақтау ережелерін түсіндірген еді.