Сайлаушылардың белсенділігі Қазақстан азаматтарының жауапкершілігі жоғары екенін дәлелдеді - А.Выборный

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлаушылардың белсенділігі Қазақстан азаматтарының жауапкершілігі жоғары екендігін дәлелдеді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҰҚШҰ байқаушылары миссиясының жетекшісі Анатолий Выборный айтты.

Сайлаушылардың белсенділігі Қазақстан азаматтарының жауапкершілігі жоғары екенін дәлелдеді - А.Выборный

«Әрбір тұрғын елдің болашағы өзінің шешіміне байланысты екенін жете түсінген. Бұл Қазақстан халқының құқықтық мәдениеті жоғары екендігін білдіреді. Олар өз елінің азаматы және өз қалауын білдіруге міндетті», - деді ол.

Халықаралық байқаушының атап өтуінше, ҰҚШҰ миссиясы байқаушыларының Қазақстандағы жұмысы барысында сайлаудың нәтижесіне әсер ететіндей заң бұзушылықтар орын алған жоқ.

«Біз тек дауыс беру процедурасын жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар бере аламыз. Мәселен, сайлау учаскелері мүшелерінің санын кезек болмауы үшін 7-ден 9 немесе 11 адамға дейін көбейту қажет. Дауыс беруде азаматтарға жайлы жағдай жасалуы керек», - деді А.Выборный.