Сайлаушылардың белсенділігін арттыру, депутаттықтан үміткерлердің өз қолында - сайлау комисияның төрағасы
АЛМАТЫ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қалалық мәслихаттың №6 округі бойынша шығып қалған депутатының орнына үміткерлерді сайлау басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Депутаттыққа кандидаттарды тіркеу қыркүйектің 29-ы күні сағат 24.00-де аяқталды. Қазіргі таңда ұсынылған 11 адамның 10-ы тіркеліп, өздерінің сайлау науқанын бастады. Олар: Владимир Лапин, Артур Котёнев, Денис Әлімбеков, Әлия Иманбай, Мақсат Махамбетов, Ғабит Сейдуалиев, Мейрамбек Байгелді, Әлия Тұтқышева, Талғат Әбдіжаппаров пен Талғат Құлажанов. Тіркелгендердің үшеуі қоғамдық бірлестіктерден ұсынылса, жетеуі өзін-өзі ұсынып отыр. Үміткерлердің бәрі жоғары білімді. Төртеуі - заңгер, екеуі - дәрігер, біреуі - қаржы маманы, екеуі - инженер, біреуі - механик. Жас ерекшеліктеріне тоқталсақ: 40 жасқа дейінгілер - төртеу, 50 жасқа дейінгілер - үшеу, ал жасы 50-ден жоғарылар - үшеу», дейді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жүнісов.
Сайлау комиссиясы ертең үміткерлер мен округтегі 16 сайлау учаскелерінің жетекшілерін жинап, сайлау науқанын жүргізудің жай-жапсарын тағы бір рет түсіндірмек. Депутаттықтан үміткерлер өздерінің сайлауалды науқанын қазанның 23-іне дейін жүргізіп, 24-і күні оны тоқтатады. Ал қазанның 25-і күні сайлау өтеді. Әділ Мәленұлының айтуынша, сайлаушылардың 5 пайыз даусын жинай алмаған үміткерлер сайлау науқанын жүргізу үшін алатын 130 мың теңгелерін үкіметке қайтарады.
«Алматы қаласының №6 сайлау округында 23,8 мың сайлаушы бар. Олардың 16 пайызын - зейнеткерлер, 25 пайызын студенттер құрайды. Бұған дейін өткен сайлауларда сайлаушылардың 25-30 пайызы қатысқан болатын. Сайлаушылардың белсенділігін ояту депутаттықтан үміткерлердің өз қолында», дейді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы.