Сайрам ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді
САЙРАМ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында Ақсукент және Манкент ауылдарында білім, мәдениет және денсаулық сақтау нысандары күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәселен, Ақсукент ауылының орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы 430 орындық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1905 жылы салынған ғимарат 10 жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өткен. Ал, 2011 жылы мәдениет үйінің жанынан 2 қабатты ғимарат салынған. Ағымдағы жылдың маусым айының 1-не басталған құрылыс жұмыстары биыл тамыз айының соңында аяқталатын болады. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы аясында 3 мектеп пен 3 спорт нысаны ағымдағы және 21 көше орташа жөндеуден өткізілмек. Тағы 7 көше жарықтандырылып, 3 елдімекендегі ауыз су құбырларды орташа жөндеу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда ауданда 37 жоба бойынша жұмыстар басталып, 236 жаңа жұмыс орындары ашылған. Аталған жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталығы арқылы 159 азамат жолданып, жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, бүгінде аудандағы Қарабұлақ ауылының орталық Рүстемов көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көлік кептелісін азайту мақсатында автотұрақ орны қарастылып жатыр.
Айта кетерлігі, Сайрамдық «Sairam thermal resort» шипажайы пандемия кезінде дертке шалдығып, қайта сауыққан науқастардың организмін қайта қалпына келтіру үшін арнайы емдік-сауықтыру бағдарламасын әзірлеген. Бүгінде аудандық әкімдік пен кәсіподақ ұйымдарымен келісімшартқа отырған. Бұдан өзге аудандағы екі ауылдық округтегі 10 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүрігізу жоспарланып отыр.