Сайрам ауданында бірнеше нысан пайдалануға берілді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік керуені Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданын аралады. Насихат тобы жұртшылыққа мәңгілік ел жалпы ұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын дәріптеп, тәуелсіздік тойы қарсаңында бірнеше нысанды ашып берді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі Самат Сапарбаев бастаған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен ауыл билері алдымен аудандағы жалпы орта мектептердің біріне келді. Жерлестерін тәуелсіздік меркесімен құттықтап, патириоттық идеясының құндылықтарын дәріптеді. Соңғы ширек ғасырда сансыз баптар мекенінде атқарылған ауқымды шараларды сөз етті. Мерекелік концерттік шарада жастарды елжандылыққа тәрбиелейтін ән мен жыр әуеледі. Аудан әкіміне ілескен керуен мүшелері бұл күні тәуелсіздік тойына тарту етіп бірнеше нысанды салтанатты жағдайда табыс етті. Мектеп жанынан ашылған спорт алаңы жас өскіндердің игілігіне тапсырылды. Сондай-ақ 150 орындық балабақша да тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы үшін қызмет етететін болды. Ел тәуелсіздігі қарсаңында спорт кешені де есігін айқара ашты.
Мұнда спорт сүйер қауым доп теуіп, бос уақытын тиімді пайдалана алады. Замануи талапқа сай бой көтерген нысанда алдағы уақытта жаттығу залдары жұмыс істейтін болады.
Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында балабақшамен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрайды. Соңғы ширек ғасырда сансыз баптар мекенінде 41 типтік мектеп пен 75 балабақша іске қосылған. Ырысы артқан мекенде бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық көп. Ауданда инфрақұрылым да жақсы дамыған. 42 елдімекеннің 41-інде ауызсу тәулік бойы беріледі. 19 ауылдың тұғындары көгілдір газбен қамтылған.