Сайрам ауданында кәсіпкерлер 84 млрд теңгенің өнімін өндірген - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы тұрғындардың 12,5 пайызы шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 13 мыңнан асып, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 84, 2 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл туралы бүгін ел алдында есеп берген аудан әкімі Бақтияр Мамаев мәлімдеді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Сайрам ауданында кәсіпкерлер 84 млрд  теңгенің өнімін өндірген - ОҚО

Аталған жиынға ауданға сапарлап барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та арнайы қатысып, атқарылған жұмыстарға қанықты. Аудан басшынының айтуынша, өткен жылы Сайрамда 58,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілген. Сондай-ақ  8,1 гектар жерге жылыжай салынып, тамшылатып суғару әдісі 111 гектар жерге ендірілді. Ал, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 280 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 200 саулық және 7 асыл тұқымды қошқар сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 32 бас жылқы алынып, аудандық көрсеткіштер жоспары толық орындалған.

«Ауданда 34 кооператив құрылып, жалпы саны 45-ке жетті. Жалпы ауданда 103 шағын мал бордақылау алаңдары мен 41 жанұялық сүт аулалары ашылды. Өңірдегі 887 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 31 мың бас мал бордақылануда. Нәтижесінде мал шаруашылығында 32,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артып отыр», - деді Бақтияр Мамаев.

Есептік жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түйсебаев аудан әкімінің жұмысын оң бағалап, тисті тапсырмалар берді.

«Елбасымыз биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Үшінші бағыт - «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі деген болатын. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Осы бағытта Сайрам ауданы өзінің өндірістік-экономикалық потенциалымен облыстағы перспективті аудан болып есептелінеді. Сондықтан аудан басшысына осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ, ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа серпін қажет», - деді Жансейіт Түймебаев.

Есеп беру барысында аудан әкімі тұрғындар тарапынан әлеуметтік салада қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелердің алдағы уақытта зерделеніп, сарапталатынын айтты.