Сайрам-Өгемде турист жабайы аюды видеоға түсіріп алған

АСТАНА. KAZINFORM — Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде турист табиғи ортада жүрген аюды байқап, оны видеоға түсірген.

Сайрам-Өгемде турист жабайы аюды видеоға түсіріп алған
Фото: Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Ұлттық табиғи парктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жабайы жануарды осылай өз мекенінде көру — ерекше әсер қалдырады. Дегенмен мұндай сәтте қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн.

— Жануарға жақындамау, соңынан ермеу, тамақ бермеу және назарын әдейі аудармау қажет. Ұлттық парк — жабайы жануарлардың мекені. Сондықтан табиғат аясында жүргенде белгіленген бағыттарды ұстанып, қауіпсіз арақашықтықты сақтау маңызды, — деп ескертті парк қызметкерлері.

Ведомство дерегіне сәйкес, Сайрам-Өгемдегі Тянь-Шань қоңыр аюы — ұлттық парктің сирек кездесетін әрі аса маңызды жабайы жануарларының бірі. Аю көбіне таулы орманды алқаптарда, аршалы және бұталы жерлерде мекендейді. Ол табиғи экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ аю өсімдіктердің тұқымдарын таратуға және жануарлар дүниесіндегі табиғи байланысты сақтауға ықпал етеді.

Бұған дейін «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде суатқа қасқыр мен құландар келген cәт фототұзаққа түсіп қалғанын жазғанбыз.