Сайрамда көпқабатты үйлерден шыққан шайынды сумен егістікті суғарады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Сайрамда көпқабатты тұрғын үйлерден шыққан шайынды су егістікке пайдаланылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Сайрам ауданында орналасқан «Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысаны пайдалануға берілді.
Жобаның негізгі мақсаты - Ақсу ауылындағы көпқабатты 54 үй мен кәсіпкерлік нысандардан шығатын шайынды суды қайта өңдеп, ауыл шаруашылық мақсатындағы егін алқаптарына ағын су етіп жіберу.


Нысанның құрылысы «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС тарапынан 2017 жылы басталған болатын.
Алайда, мердігер мекеменің кейбір жұмыстары бекітілген талаптарға сәйкес болмағандықтан нысан қабылданбаған.

«Осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Дархан Сатыбалды нысанның жұмыс барысымен танысып, тиісті мердігер мекемеге ақауларды қалпына келтіру үшін бір ай мерзімге тапсырмалар берген болатын. Енді бұл нысан жеке өзімнің бақылауымда болады. Сонымен қатар, мердігер тарапынан егер қандайда бір қиындықтар туындап жатса, қайтадан орнына келтіруге бес жылға дейін кепілдік бар»,- деді Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов.
Айта кетейік, сәуір айында сайрамдықтар егістікті қойдың қаны араласқан сумен суаруға мәжбүр болған еді.

