Сайрамда тоғыз рет мал ұрлаған барымташылар ұсталды

САЙРАМ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданында тоғыз рет мал ұрлығын жасаған барымташылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайрамда тоғыз рет  мал ұрлаған барымташылар ұсталды

Қазірдің өзінде олардың жәбірленушілерге 2 миллион теңгеден аса шығын келтіргені анықталып отыр.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілерді ұстауға жергілікті тұрғындардың арызы негіз болған. Олардың бірі ағымдағы жылдың наурыз айында шаруа қожалығынан жалпы құны 350 мыңға жуық теңге болатын екі сиыры ұрланғанын жеткізген. Осындай арыздар басқа да ауыл тұрғындарынан түскен. Аталған қылмысты ашу мақсатында полициядағы тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, олар жедел іздеу шараларын жүргізеді.

Нәтижесінде, әккі барымташылар қолға түскен. Оның екеуі бұрын сотты болған жергілікті тұрғындар екені анықталады. Тергеу барысында күдіктілердің 9 мал ұрлығына қатысы бар екендігі дәлелін тапты. Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеледі.

«Тергеп-тексеру кезінде анықталғандай, ұрылар жәбірленушілердің бейқамдығын пайдаланып, түнде шаруашылыққа кіріп жүрген. Малдарды ұрлап, содан кейін қылмыс орнынан бой тасалап отырған. Ұрланған малдарды жергілікті базарларда сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда тергеп-тексеруден жиналған барлық материалдар шешім шығарылу үшін сотқа жолданды» - делінген хабарламада.