Сайран көлінің жағасында океанариум орналасатын болады - Алматы
АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Алматыда Сайран көлінің шығыс жағалауында 0,6 гектар жер аумағында океанариум орналасатын болады.
Аталмыш мәдени нысан жеке инвесторлар қаржысына тұрғызылмақ, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Жанат Айтілеудің айтуынша, океанариум құрылысы келесі жылы басталып, бір-бір жарым жылға созылуы мүмкін.
Айта кетейік, Алматыда океанариумның пайда болатыны туралы ақпаратты ақпан айының басында қала әкімі Ахметжан Есімов жеткізген. Ол өз сөзінде: «Біз егер, мүмкін болса, биыл немесе келесі жылы океанариум салуды жоспарлап отырмыз. Білесіздер ме, океанариум - тек әдемілік қана емес, ол белгілі бір дертке шалдыққан балаларды емдеуге қолданылады. Сондықтан біз Сайран көлін жақсарту жұмыстарына кірісеміз», - деген болатын.