Сайран көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары келесі жылы аяқталады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сайран жағалауындағы жаңа қоғамдық кеңістік 2025 жылы ашылады.

Сайран көлі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Сайран су қоймасының жағалауын абаттандыру жұмыстарымен танысты, онда жағажай аймақтарымен қатар заманауи қоғамдық кеңістік құрылады.

Қала басшысына осы жылдың соңына дейін барлық құрылыс-монтаж жұмыстары мерзімінде аяқталатыны туралы баяндалды. 

Мамандардың ұсынысы бойынша, 200 ірі үлкен жапырақты жасыл желекті отырғызу келесі жылдың көктемінде жүзеге асырылады.

Сайран көлі
Фото: Алматы әкімдігі

Қазір жұмыстар 70%-ға орындалды: автосуару, сумен және электрмен жабдықтау кабельдерді тарту аяқталып қалды. Сыртқы жарықтандыру, жағалауды нығайту және жағалау құрылысы жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, жобаны іске асыру 2024 жылдың ақпан айында басталған болатын. Жобаға сәйкес, Сайран көлінің екі жағалауы суға жақын маңда ұзындығы 2,5 км бірыңғай серуендеу жағалауына қосылатын болады, сондай-ақ қолданыстағы көпір арқылы 3,5 км және Абай даңғылына шығатын 4,5 км серуендеу маршруттары қолжетімді болады.

«Соңғы жылдары Сайранды қызығушылық тудырмайтын қараусыз қалған жер ретінде қабылдады. Біздің мақсатымыз — бұл стереотипті өзгерту. Мұнда өркениетті демалыс ұйымдастырылуы керек: балалар мен отбасылық аймақтар, белсенді ойын-сауық және спорт аймақтары, ыңғайлы төсектері бар жағажай аймақтары, жарықтандырылған жолдар, жақсы күтілген жағалаулар, заманауи кафелер. Жоғалған экожүйені, флора мен фаунаны қалпына келтіру маңызды басымдық болып табылады. Дүниежүзінде тоғандар, су қоймалары және жасыл саябақтар тартымды жерлерге айналуда. Қаланың полицентрлік дамуы аясында Сайран орталық аудандардың тұрғындары да, шетелдік туристер де келетін орындардың біріне айналуы тиіс», — деп атап өтті Ерболат Досаев.

ойын алаңы
Фото: Алматы әкімдігі

Шаһар басшысы мердігер ұйымға барлық құрылыс, инженерлік-техникалық және санитарлық нормаларды сақтай отырып, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Бұған дейін қала әкімдігі жобаның эскиздерін ұсынған болатын.

2023 жылы Сайран су қоймасының түбі 50 жылда алғаш рет тазартылды. Механикалық тазалау нәтижелеріне 142 мың текше метр лай және 23 тонна тұрмыстық қоқыс шығарылды.