Сайт арқылы жоқ билеттерді сатып келген алматылық ұсталды
Астана полицейлері OLX сайты арқылы жоқ билеттерді сатып келген Алматы тұрғынын ұстады. Kazinform бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қаласының тұрғыны OLX сайтында әуе және пойыз билеттерін сатумен айналысатын қылмыстық кәсіп ұйымдастырған. 2023 жылдың сәуір айынан бері ол жарнама сайтында билеттерді арзандатылған бағамен сату туралы ақпарат жариялаған.
Осылайша, елорда тұрғыны Алматы аудандық полиция басқармасына хабарласып, әуе билеттерін сатамын деген желеуге сеніп, белгісіз біреуге 100 мың теңге аударып жібергенін хабарлаған. Ол 10 билет алуды жоспарлаған. Ақша аударымынан соң секем алып, билеттерді күтпестен полицияға хабарласқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер алаяқтықпен айналысты деген күдікпен Алматы қаласының 41 жастағы тұрғынын құрықтады. Қазіргі уақытта басқа да зардап шеккендердің кім екені анықталып жатыр.
«Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаменті азаматтарға интернет арқылы тауар сатып алу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді», - дейді Ішкі істер министрлігінен.