Сайттар рейтинг қуып кетті - Өңірлік БАҚ форумы
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ жастар» газетінің бас редакторы Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы рейтингке, оқырмандардың санына көп көңіл бөледі.
Сол себепті материалдардың сапасы да төмен. Ал журналистер xалықты "таңғалдыратын" жаңалықтарды теріп кетті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бүгінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мақсаты өзгеріп кеткен тәрізді. Бұған дейін бәрі ақпарат таратуды көздесе, қазір елді таңғалдыруға тырысады. Осы жолда кез келген нәрсеге барады, адамның жеке өміріне араласады, атақ-абыройына нұқсан келтіреді. Ал оның арғы жағында ұлттың тұтастығы, рулық алауыздық және тағы мәселелер жатыр. Әсіресе, сайттар елді "таң қалдыру" үшін барын салып жатады. Себебі талап сондай. Министрлік әрбір сайттың таралымына, оқырманның санына назар аударады. Ал ол таралым қалай келді? Азаннан кешке дейін елді бір-біріне айдап салу, рушылдықты қоздыру, моральдық құндылықтарды таптау арқылы жиналған рейтинг болса да, оған ешкім назар аударып жатқан жоқ", - деді Бабамұратов бүгін Өңірлік БАҚ форумында.
Оның айтуынша, қазіргі жүйе қала берсе, электронды бұқаралық ақпарат құралдары осы бағытта дами береді. Барлығы бірдей сараптаманы ысырып қойып, елді "таңғалдырумен" айналыса береді, рейтинг үшін жұмыс істейді. "Шартты түрде Қызылордада, Жезқазғанда, Шымкентте біреудің қолы қызға тиіп кетсе, ол ақпарат 10 бұқаралық ақпарат құралына ауысқанда қыз зорланды болып шығады. 20-сына ауысқанда "зорланып өлді" болады. Бірақ ол ақпарат шынайы ма? Өкінішке қарай, осы мәселеге көп мән бермейтін болдық", - деп атап көрсетті газет басшысы.
Айта кетейік , бүгін Астанадағы "Қазмедиа" орталығында Өңірлік БАҚ форумы ашылды. Сол жерде министр Дәурен Абаев Өңірлік БАҚ альянсының немен айналысатынын айтып берді . Ал ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдраxманов қазақ тіліндегі сайттарда трайбализмнің күшейіп жатқанына өз алаңдаушылығын білдірді .