SCAT әуе компаниясы рейстердің кідіруі жиілеп кету себебін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «SCAT» әуе компаниясы жиілеп кеткен рейстік кідірістердің себебін түсіндірді. Бұл туралы ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті «SCAT» әуе компаниясы рейстердің кідіруі жиілеп кету себебін түсіндірді">Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әуе компаниясының ақпаратына сәйкес, аталмыш компанияның әуе кемелері 2017 жылдың ортасында бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы түрде техникалық қызмет көрсетудің «ауыр» қалпына жөнелтілген. Алайда техникалық қызмет көрсететін ұйымдар жұмысбастылығына байланысты әуе компаниясының бірнеше әуе кемесі бойынша қызмет көрсету бағытындағы жұмысты бекітілген мерзімнен кеш бастаған. Қазіргі уақытта жазғы кестеге сай ұшуы тиіс 2 әуе кемесі Түркияда техникалық қызмет көрсетуден өтіп жатыр», - делінген хабарламада.
Хабарланғанындай, аталмыш әуе компаниясының рейстеріне қатысты шағымдар көбейіп кеткендіктен, Азаматтық авиация комитеті «SCAT» әуе компаниясының басшылығымен бірге ұшу кестесін тұрақтандыру мен келешекте кемшіліктерге жол бермеу бағытында жұмыс жүргізген.
«15 маусым мен 15 шілде аралығында «SCAT» әуе компаниясының кестесіне тасымалдаушының операциялық жұмысына байланысты өзгерістер енгізілген. Алдағы уақытта ұзақ кідірісті болдырмау үшін әуе компаниясы бірнеше рейстерді тоқтату туралы шешім шығарған. Әуе компаниясының бұл қадамы қазіргі қолданыстағы заңнамаға және халықаралық ережелерге қайшы келмейді. 10 маусым мен 3 шілде аралығында рейстердің шамамен 10 пайызы орындалмаған. 14 пайызы кем дегенде екі сағаттан кейін ұшқан», - делінген ААК хабарламасында.
Комитетте аталып өткендей, рейстердің кідіруі ұшақтар жиі ұшатын бағыттарда (Астана - Алматы, Алматы - Астана, Шымкент- Алматы) тіркелген. Сонымен қатар, бірнеше бағыттағы рейстердің кестесі қайта қаралған. Астана - Шымкент, Астана - Минералды сулар, Астана - Павлодар, Алматы - Ақтау, Астана - Алматы, Алматы - Астана, Астана - Ақтау және Алматы - Шымкент рейстері бойынша кесте өзгертілген.
«Жолаушыларды көптігінен кейбір бағыттарда рейстердің кідіретіні туралы әуе компаниясы жолаушыларды уақтылы ескерте алмай қалды. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін әуе компаниясының сайтында клиенттерді қолдауға арналған +7 (7252) 99-88-80, scat@scat.kz байланыс нөміріндегі көмек орталығы бар. Орталық тәулік бойы жұмыс атқарады. Әуе компаниясы уақтылы ұшпаған және кідірген рейстер үшін жолаушылардан кешірім сұрайды. Әуе компаниясының ақпараты бойынша, шілде айының ортасында қатарға екі ұшақ қосылады. 15 шілдеден бастап компания кестені толық қалпына келтіреді», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, бұдан бұрын жолаушылар Жезқазғанда рейстердің кешіктірілуіне және SCAT әуе компаниясының ескі ұшақтарына шағым айтқан болатын. Фейсбукте қолданушы Бақыткелді Ниязбеков Жезқазғанда рейстің бір күнге кешіктіріліп, кейін ескі АН-24 ұшағының келгенін мәлім еткен.
Сонымен бірге, «SCAT» әуе компаниясы Алматы-Астана бағытындағы рейстердің неге ұшпағаны жайында түсініктеме берген еді.