SCAT Ыстанбұлда ұшақтардың соқтығысуына түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметі Ыстанбұл әуежайында компанияға тиесілі ұшақтың басқа әуе кемесімен соқтығысып қалуына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұшақтар жерде жүріп келе жатып, бірі екіншісін жеңіл-желпі сырып кетті. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары барлығын дүрліктіретін тақырып қою арқылы жағдайды ушықтырып көрсетті. Сондықтан біз ұшақтың зақымдану сипаттамасы толықтай жазылған баспасөз хабарламасын қайта жіберіп отырмыз. Ол жерде ел дүрлігетіндей ештеңе бола қойған жоқ. Ең қорқыныштысы бірнеше рейс кешіктірілді. Біз ол жайында жолаушыларды ескерттік. Қазір барлығы да жеткізілді, кесте бойынша әуе рейстері кешігіп жатқан жоқ», - деді SCAT компаниясы Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің жетекшісі Виктория Старожилова ҚазАқпарат тілшісіне.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ-та Ыстанбұл әуежайында екі әуе кемесінің соқтығысқандығы туралы ақпарат тараған болатын.
«26 шілдеде ұшақты (жерде) бұрып келе жатқанда оң жақ қанатының ұшы Boeing-777 әуе кемесінің артқы жағына тиді. Екі ұшақ та жеңіл-желпі зақымданды. Қазіргі уақытта жағдай толықтай қалпына келтірілді», - делінген болатын БАҚ-та таратылған ақпаратта.